Шетелдік сарапшылар Қазақстандағы сайлау туралы пікірлерімен бөлісті

Қазақстандағы кезектен тыс сайлау шетелдік саясаткерлер мен кәсіпкерлердің де назарында. Елімізде бизнесін дамытып отырған Германияның іскерлік топ өкілдері де солардың қатарында. Отандық нарыққа қызығушылық танытып отырған неміс кәсіпкерлерінің саны жыл өткен сайын артып келеді. Олар Қазақстандағы тұрақтылықты жоғары бағалайды.  

КРИСТИАН ГРОССЕ, «ЛИБЕРАЛДЫ ОРТА БИЗНЕС» НЕМІС БІРЛЕСТІГІНІҢ ЖЕТЕКШІСІ:

- Германияның бизнес өкілдері  Қазақстандағы сайлауды жіті бақылады. Себебі, Германия Қазақстанға  инвестиция құйған бірден бір ел. Және алдағы уақытта да етене жұмыс жасауға ниетті. Бизнестен басқа мен саясатпен де айналысамын. Сондықтан демократиялық процесті бақылап отырамын. 

Ал британ қауымы Қазақстандағы президенттік сайлауды халықаралық деңгейдегі маңызды саяси және тарихи оқиға деп атады. Қазақстан Республикасымен ынтымақтастық жөніндегі Бүкілпартиялық парламенттік топ басшысы Боб Стюарттың пайымдауынша, президент сайлауының сәтті өтуі Қазақстандағы демократияның одан әрі дамуына ерекше үлес қоспақ.

БОБ СТЮАРТ, ҰЛЫБРИТАНИЯ ПАРЛАМЕНТІ ҚАУЫМДАР ПАЛАТАСЫНЫҢ ДЕПУТАТЫ:

Қазақстан ХХІ ғасырда ұлы ұлт болуы үшін ілгері жылжып келеді. Мен үшін айдан анық нәрсе - елдеріңіз ағымдағы жүз жылдың екінші жартысына дейін ұлы державаға айналады. Меніңше, тұңғыш президенттеріңіз демократия қағидаттарын енгізіп қойды. Бұл нормалар сайлау кезінде де сақталады деп сенемін.