Еурокеңес төрағасы Дональд Туск Қазақстанға келді

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Еуропалық кеңес төрағасы Дональд Тускпен кездесті. Бұл мәртебелі мейманның Қазақстанға алғаш келуі. Тараптар екіжақты келіссөз жүргізіп, сан саладағы өзара әріптестікті тереңдету жайын талқылады.

Өткен жылы Қазақстан мен кәрі құрлық елдері арасындағы тауар айналымы 37 млрд доллардан асқан. Бұл 2017 жылмен салыстырғанда 25,6 процентке артық. Тараптар алдағы уақытта сауда-саттық көлемін еселеуге уағдаласты.

Біздің елден Еуропаға мұнай мен газ, күміс пен мырыш жіберіледі. Сондай-ақ, астық өнімдері де экспортталады.

Қасым-Жомарт Тоқаев әріптестік аясын кеңейту үшін бірқатар жобалардың жүзеге асырылып жатқанын айтты.

Қазір Қазақстанда 6 мыңнан аса еуропалық компания бар. Былтыр Еуроодаққа мүше мемлекеттерден тартылған инвестиция көлемі 11 млрд доллардан асқан.

ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

- Еуропалық кеңес – Қазақстанның маңызды әріптесі. Сауда-саттықтың 50 пайыздан астамы Еуроодақ елдеріне тиесілі екенін айта кеткен жөн. Сол себепті сіздің жасаған сапарыңыздың да мәні зор. Қазақстанға қош келдіңіз. Өзара ынтымақтастықтың келешегі жарқын екеніне сенімдіміз.

ДОНАЛЬД ТУСК, ЕУРОПАЛЫҚ КЕҢЕС ТӨРАҒАСЫ:

- Мен өзімді сіздердің ескі досыңыз ретінде сезінемін. Польшадағы қызметіме байланысты да, Еуродақпен де Қазақстанмен тығыз жұмыс істедік. Мені қазақтың қонақжайлылығы көрген сайын таңқалдырады.

Фото: akorda.kz