Елордада Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңес отырысы өтті

Елордада Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңес отырысы өтті

Нұр-Сұлтанда Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңес отырысы өтті. Кездесуге Қазақстан, Ресей, Беларусь, Қырғызстан басшылары және Армения премьер-министрі қатысты. Сонымен қатар, мерейтойлық саммит жұмысына Тәжікстан мен Молдова басшылары қосылды.

Шараның мәртебелі мейманы еліміздің Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев болды. Елбасы Еуразиялық экономикалық одақты 20 миллион шаршы шақырым аумақты құрайтын бірегей одақ деп атады.

НҰРСҰЛТАН НАЗАРБАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ТҰҢҒЫШ ПРЕЗИДЕНТІ:

Біз Еуразиялық экономикалық одақ, Еуропа одағы, Шанхай ынтымақтастығы ұйымы мен АСЕАН арасында толыққанды экономикалық ынтымақтастықты жолға қоюымыз керек. Бұл аса маңызды міндеттер, білек біріктірсек, жұмыла жұмыс істесек, мұндай идеяларды жүзеге асыра аламыз. Біздің Еуразиялық экономикалық кеңістігіміздің мақсаты – оны жаһан үшін айқара ашу.

Қасым-Жомарт Тоқаев өз сөзінде биылғы саммит Еуразиялық интеграция жөніндегі идеяның 25 және Еуразиялық экономикалық одақ жөніндегі келісімнің 5 жылдығына орай өтіп жатқанын айтты. Өз сөзінде Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың Еуразиялық экономикалық одақты құру мен серіктестік қарым-қатынасты нығайтуға қосқан үлесін атап өтті.

ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:  

- Елбасының саяси  көрегендігінің арқасында еуразиялық  интеграция идеясы шынайы жүзеге асырылып, құрлықтың экономикалық, сонымен қатар геосаяси ландшафтын түрлендірді десек те болады. Сондықтан оның Еуразиялық экономикалық одақтың қалыптасуындағы рөлін ескере  келе, Ресей Федерациясының Президенті Владимир Путин Нұрсұлтан Әбішұлына Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңесінің Құрметті төрағасы атағын беруді ұсынды. Бұл бастамаға ұйытқы болған және қолдаған одаққа мүше мемлекеттің барлық басшыларына алғыс білдіремін.

Фото: akorda.kz