Нұр-Сұлтанда БҰҰ-ның бітімгерлік технологиялар бойынша симпозиумы өтті

Қазақстан халықаралық аренадағы сенімді әріптес әрі бітімгер ел ретінде танылып жүр. Антиядорлық қозғалысты қолдау, ҚазБат миссиялары сынды игі бастамалар - мемлекетіміздің бейбіт әлем құру мен жаһандық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселелеріне немқұрайлық танытпайтындығының бірден-бір айғағы.

Нұр-Сұлтан қаласында бұл бағыттағы мемлекетіміз бен Біріккен Ұлттар Ұйымының өзара ынтымақтастық аясын кеңейту жағы талқыланды. Елордада БҰҰ бітімгерлік технологиялар бойынша әріптестік мәселелеріне арналған 5-ші симпозиум өтті. Жиында жаһандық қауіпсіздік қамындағы қазақстандық миссиялардың тиімділігі аса жоғары бағаланды.

ЖАН-ПЬЕР ЛАКРУА, БҰҰ БАС ХАТШЫСЫНЫҢ БІТІМГЕРЛІК ОПЕРАЦИЯЛАРЫ БОЙЫНША ОРЫНБАСАРЫ:

- Мен Қазақстанды БҰҰ-ның бітімгершілік миссияларын қажет ететін аймақтарда қолдау көрсетуге әлеуеті зор мемлекет деп санаймын. Мен қазір жасанды жарылғыш заттардан қорғану мәселелері бойынша, жалпы түрлі төтенше жағдайларды дереу анықтап, ортақ ісімізге жан бітіретін жоғары білікті мамандар жөнінде айтып тұрмын. Қазақстан БҰҰ-на аса тәжірибелі офицерлерін жібере алады.

НҰРЛАН ЕРМЕКБАЕВ, ҚР ҚОРҒАНЫС МИНИСТРІ:

- БҰҰ Қазақстанды белсенді бітімгер ретінде таниды. Бұл республиканың Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев салып кеткен саяси бағытты ұстанатынын, БҰҰ мандатын жақтайтынын, Біріккен Ұлттар Ұйымының бітімгерлік іс-қимылдарына белсенді түрде қатысатынын білдіреді.

Айта кетейік, бұған дейін БҰҰ симпозиумдары Италия, Австрия, Оңтүстік Корея мен Германия елдерінде өткен.

Фото: sputniknews.kz