Қазақстан БҰҰ Орнықты даму мақсаттарын жүзеге асыруда

Қазақстан БҰҰ Орнықты даму мақсаттарын жүзеге асыруда

Қазақстан Біріккен Ұлттар Ұйымының Орнықты Даму мақсаттарын жан-жақты қолдайды. 17 мақсаттың басым бөлігі еліміздің 2050 жылға дейінгі стратегиясының міндеттерімен үндеседі. Астана экономикалық форумына арнайы келген БҰҰ Бас хатшысының көмекшісі Мирьяна Сполярич Эггер осы жайтты айрықша атап көрсетті. Ол халықаралық ұйым ел үкіметімен және Азия даму банкімен бірлесе Қазақстанда Орнықты даму мақсаттарының енгізілуіне қолдау көрсететінін жеткізді.

МИРЬЯНА СПОЛЯРИЧ ЭГГЕР БҰҰ БАС ХАТШЫСЫНЫҢ КӨМЕКШІСІ:

- Орнықты даму мақсаттары азаматтардың әл-ауқатын арттыру, жалпы ғаламшарды қорғау үшін әзірленген. БҰҰ-ның Даму бағдарламасы Қазақстанда 20 жылдан аса жұмыс істейді. Осы уақытта Қазақстанның қарқынды дамуына куә болдық. Сонымен қатар білім беру, денсаулық сақтау, әлеуметтік қорғау салаларындағы мәселелерді шеше отырып, елдеріңіз орнықты даму мақсаттарын ендіріп жатыр. Осы бағытта біз Қазақстанды толықтай қолдаймыз және  нәтижелі іс-қимылға дайынбыз.

Қазақстанда Біріккен Ұлттар Ұйымының Орнықты даму мақсаттарын жүзеге асыру бойынша жұмыс 2015 жылдан бері жүргізіліп келеді. Мемлекеттік стратегиялық және бағдарламалық құжаттардағы ұлттық бағыттардың аталған мақсаттарға сәйкестігіне бағалау да жүргізілді. Ұлттық экономика министрлігі жанындағы Экономикалық зерттеулер институтының талдауы бойынша, қазір Қазақстанда Орнықты даму мақсаттарымен қамту көрсеткіші 80 пайызды құрайды. 

САЛТАНАТ РАХЫМБЕКОВА, «ЖАСЫЛ ЭКОНОМИКА ЖӘНЕ G-GLOBAL-ДЫ ДАМЫТУ КОАЛИЦИЯСЫ» ЗТБ БАСҚАРМА ТӨРАЙЫМЫ:

- 2030 жылға дейін бұл бағдарлама қабылданды. Біздің мемлекетіміз БҰҰ алаңында елімізде өткізіліп жатқан жұмыстарды, жетістіктерді айтады, оның ішінде жақсы орын алатын үкіметтік емес ұйымдардың үлесі туралы да үлкен есеп беру туралы ұсыныс бердік. Өйткені біраз жұмыстарды атқарып тастаған болатынбыз.

Фото: greenbiz.com