Қазақстанда сайлауалды үгіт-насихат шаралары басталды

Қазақстанда президенттікке үміткерлердің сайлауалды үгіт-насихат шаралары жүріп жатыр. Орталық сайлау комиссиясы жеті кандидатты тіркеді. Олар: «Nur Otan» партиясы атынан Қасым-Жомарт Тоқаев, «Ұлы дала қырандары» республикалық қозғалысы атынан Сәдібек Түгел, «Кәсіподақтар федерациясынан» Амангелді Таспихов, «Ақ жол» Қазақстанның демократиялық партиясы атынан Дания Еспаева, «Ауыл» халықтық-демократиялық патриоттық партиясынан Төлеутай Рахымбеков, «Қазақстан Коммунистік Халық партиясы» атынан Жамбыл Ахметбеков және «Ұлт тағдыры» ұлттық патриоттық қозғалысынан Әміржан Қосанов.

АНДРЕЙ ЧЕБОТАРЁВ, САЯСАТТАНУШЫ:

- Кандидаттар үшін ең бастысы азаматтармен диалог орната білу, түрлі аудиториялармен тіл табысу. Өйткені қазақстандық қоғам әралуан.

Айта кетейік, осы күні Президенттің кезектен тыс сайлауында 67  халықаралық  байқаушы аккредитациядан өтті. Олар Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы, ТМД-ға мүше елдердің Парламентаралық Ассамблеясы, Ислам ынтымақтастығы ұйымы, Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымынан келетін миссиялардың өкілдері. Жалпы, байқаушыларды тіркеу 3 маусымға дейін жалғасады.

ЗӘУРЕШ БАЙМОЛДИНА, ОРТАЛЫҚ САЙЛАУ КОМИССИЯСЫНЫҢ МҮШЕСІ:

- Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы Демократиялық институттар және адам құқықтары бюросының 22 байқаушысын аккредиттеуден өткіздік. Ұсынысқа Орталық сайлау комиссиясының мүшелері қолдау білдірді.

Үгіт-насихат науқаны маусым айының сегізінші жұлдызында аяқталады. Президент сайлауына бір күн қалғанда, яғни маусымның 8-і елімізде тыныштық күні. Еске сала кетейік, Қазақстанда президенттік сайлау 9 маусымға белгіленген.

Фото: egemen.kz