БҰҰ өкілдері Қазақстандағы саяси өзгерістер туралы

Қазақстандағы саяси өзгерістер – тұрақты және дамудың даңғыл жолына түскен мемлекеттің белгілері. Біріккен Ұлттар ұйымының беделді өкілдері осындай пікірде. Олар Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың көреген саясат ұстанып, кемел келешекті көздеген тарихи бастамаларына және қазіргі Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың халықаралық ынтымақтастықты нығайтуға қосқан үлесін жоғары бағалайды. Бұл туралы БҰҰ бас хатшысының орынбасары Мирослав Енча мәлім етті.

МИРОСЛАВ ЕНЧА, БҰҰ БАС ХАТШЫСЫНЫҢ САЯСИ МӘСЕЛЕЛЕР ЖӨНІНДЕГІ КӨМЕКШІСІ:

- Қазақстандағы өзгерістер бейбіт және демократиялық жолмен өтіп жатқаны өте маңызды. БҰҰ Бас хатшысы Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаев пен Президент Қасым-Жомарт Тоқаевпен жылы қарым-қатынаста болды. Біз Тұңғыш Президент Назарбаев пен ол бастаған Қазақстан үкіметінің бастамаларын жоғары бағалаймыз. Бұл - Семейдегі ядролық полигонның жабылуы әрі ядролық қарудан ада әлем үшін күресті жалғастыруы.

Мирослав Енча тұрақты дамудың 17 мақсатына жетудегі Қазақстанның қолдауын ерекше атады. Бұл міндеттер БҰҰ-ның бас бағдарламасы саналады. Сондай-ақ, Бас хатшының көмекшісі еліміздің Орталық Азиядағы аймақтық ынтымақтастыққа қосқан үлесі және шиеленістерді шешудегі ерекше орны туралы да айрықша атап өтті.

МИРОСЛАВ ЕНЧА, БҰҰ БАС ХАТШЫСЫНЫҢ САЯСИ МӘСЕЛЕЛЕР ЖӨНІНДЕГІ КӨМЕКШІСІ:

- Ең алдымен, Астана процесін атағым келеді. Ол Сириядағы жағдайды реттеуге және ұзаққа созылған осы шиеленісті шешу жолдарын табуға зор үлес қосты. Қазақстан 2017-2018 жылдары Қауіпсіздік кеңесінің  тұрақты емес мүшесі ретінде БҰҰ жұмысына белсенді қатысқанын айту қажет. Нұрсұлтан Назарбаев жеке өзі түрлі бастамалар ұсынып, бейбітшілік пен қауіпсіздікті қамтамасыз ететін осы басты органның жұмысында елеулі із қалдырды.

Мирослав Енча Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың осы халықаралық ұйымда атқарған қызметін де жоғары бағалайтынын жеткізді.

Фото: kazpravda.kz