Оңтүстік Корея президенті Қазақстанға мемлекеттік сапармен келді

Оңтүстік Корея президенті Қазақстанға мемлекеттік сапармен келді

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев елімізге мемлекеттік сапармен келген Корея Республикасының президенті Мун Чже Инмен кездесті. Тараптар қос елдің саяси, сауда-экономикалық, инвестициялық және мәдени-гуманитарлық салалардағы қарым-қатынастарын талқылап, болашағын бағамдады. Сондай-ақ, кездесу аясында бірнеше кесілімдер мен меморандумдарға қол қойылды. Тәуелсіздік жылдары Қазақстан мен Корея арасындағы серіктестік кеңейіп, байланыс жаңа деңгейге көтерілді. Былтыр Қазақстан мен Корея арасындағы тауар айналымы рекордтық 4 млрд долларға жеткен. 

ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

- Қазіргі таңда біз кең ауқымда дамып келе жатқан үйлесімді қарым-қатынастарымызға қол жеткіздік деп нық сеніммен айта аламыз. Біріншіден, саяси тұрғыдан өзара мүдделерімізді құрметтеуге негізделген ынтымақтастықтың тиімді үлгісін қалыптастырдық. Біз барлық деңгейде тығыз байланыс орнаттық. Күн тәртібіндегі барлық мәселелер іскерлік және сындарлы негізде шешімін табуда. Екіжақты қарым-қатынастарды дамытуда Қазақстан Республикасының Тұңғыш президенті-Елбасы Н.Назарбаевтың айрықша рөлін атап өту қажет.

МУН ЧЖЭ ИН, ОҢТҮСТІК КОРЕЯ РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

- Қазақстан – Орта Азия елдері арасында қарқынды дамып келе жатқан мемлекет. Төртінші өнеркәсіптік революция дәуірінде Қазақстанның 2050 жылға арналған мемлекеттік стратегиясын бағалай отырып, біз Корея Қазақстан үшін ең тиімді серіктес болады деп ойлаймыз. Сауда-саттық, инвестиция, инфрақұрылымдағы байланыс нағайып келеді. Енді болашақ дамудың тетіктеріне айналған ІТ, инновациялық өнеркәсіп кешені, медицина, денсаулық сақтау және ғарыш салаларында серіктестікті жетілдіру қажет.

Фото: akorda.kz