Қасым-Жомарт Тоқаев Өзбекстанға мемлекеттік сапармен келді

Қасым-Жомарт Тоқаев Өзбекстанға мемлекеттік сапармен келді

Ташкентке мемлекеттік сапары шеңберінде Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев  Өзбекстан басшысы Шавкат Мирзиеевпен келіссөз жүргізді. Мемлекет басшылары ынтымақтастықты күшейту туралы уағдаласты. Қасым-Жомарт Тоқаев  пен Шавкат Мирзиеев бірлескен мәлімдемеге қол қойды. Президенттер қос ел арасында қалыптасқан қатынастар мен өңірлік ықпалдастықты кеңейтуге және нығайтуға бағытталған Қазақстанның қазіргі сыртқы саяси бағытының сақталатынына сендірді. Бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдеріне арналған бірлескен брифингте мемлекет басшылары екі арадағы сауданың оң қарқынын арттырып, оның құрылымын әртараптандыру, сондай-ақ экономикалық кооперация мен инвестициялық ынтымақтастықты дамыту бойынша ортақ пікірде екендіктерін жеткізді. Сонымен қатар Қазақстан мен Өзбекстан қалалары арасында қосымша әуе және теміржол маршруттарын іске қосу мүмкіндіктерін қарастыруға келісті. Су-энергетикалық саладағы келіссөздер де жүргізілді. Шавкат Мирзиёев Қасым-Жомарт Тоқаевпен келіссөздер ашықтық пен өзара түсіністік рухында өткенін жеткізді.

ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

- Қазақстан басшысы ретінде Елбасы саясатының сабақтастығын қамтамасыз етіп, Қазақстан мен Өзбекстан елдерінің жан-жақты ықпалдастығын жалғастыруға ниеттімін. Бүгін президенттер қол қойған бірлескен мәлімдеме - соның дәлелі. Құжатта ынтымақтастықтың басты жетістіктері мен келешек көкжиектері көрініс тапқан. Шавкат Мирзиеев екеуміз мазмұнды келіссөз жүргіздік. Әсіресе, экономикалық байланыстарды тереңдетуге басымдық берілді. Қазақстан мен Өзбекстан Орталық Азияда сауда-экономикалық салада көшбасшы елдер екені белгілі. Бүгінде өңірішілік сауданың 50 пайыздайы біздің үлесімізде. Осы көрсеткішті сақтап қалу үшін нақты шаралар қабылданады.

ШАВКАТ МИРЗИЁЕВ, ӨЗБЕКСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

- Бүгін біз шағын және кеңейтілген құрамда ынтымақтастықтың барлық бағыттары бойынша ашық, әрі өзара сенімге негізделген келелі әңгіме жргіздік. Осының нәтижесінде бірнеше келісімге қол қойылды. Сонымен қатар алға қойылған міндеттерді жүзеге асыру жолында арнайы жол картасын әзірлейтін болдық. Ынтымақтастығымызды одан әрі нығайта түсуге күш-жігерімізді жұмсайтын боламыз. Біздің ұсынысымыз бойынша, үкіметаралық комиссия деңгейін премьер-министрлер деңгейіне көтеруімізді қолдағаныңыз үшін ризашылығымызды білдіреміз. Бұл қос ел арасында қалыптасқан ынтымақтастық байланыстарға жаңа серпін береді. Тағы айта кететін жайт, қабылданған жол картасы алдағы уақытта толықтай жүзеге асырылатын болады.

Мемлекет басшылары халықаралық саясат пен қауіпсіздіктің өзара мүдделі, маңызды мәселелері бойынша ұстанымдарының ұқсастығын растады. Соның ішінде, Ауғанстанды қалпына келтіру үдерісіндегі күш-жігерлерді біріктіруге маңыз береді. Арал теңізін құтқару бағытындағы екі елдің бірлескен іс-қимылдары да жалғасын табады. Сөз соңында Қасым-Жомарт Тоқаев өзбек әріптесін Нұр-Сұлтан қаласына мемлекеттік сапармен келуге шақырды.

Фото: akorda.kz