Польшада Қазақстанның үшінші құрметті консулдығы ашылды

Польшада Қазақстанның үшінші құрметті консулдығы ашылды

Польшаның Вроцлав қаласында Қазақстанның құрметті консулдығы ашылды. Бұл Польшадағы Қазақстанның үшінші құрметті өкілдігі. Бұл орталық екі ел арасында дипломатиялық қатынас орнауының 27 жылдығы қарсаңында ашылған. Бүгінгі таңда Польша экономикасы бойынша Еуропада алтыншы орында тұр, ал Қазақстан Орталық Азиядағы жетекші ел. Қос мемлекет те сауда-экономикалық байланысын нығайтып, тауар айналымын арттыруды көздейді.

МАРҒҰЛАН БАЙМҰХАН: ҚАЗАҚСТАННЫҢ ПОЛЬШАДАҒЫ ТӨТЕНШЕ ЖӘНЕ ӨКІЛЕТТІ ЕЛШІСІ:

- Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев сыртқы істер министрлігіне жаңа мақсаттар қойған болатын. Атап айтар болсақ, бұл сыртқы саясатымызға экономикалық сипат беру. Инвестиция тарту тұрғысынан Қазақстан мен Польша арасында ынтымақтастықты дамытуда құрметті консулдардың рөлі орасан зор. Дәлел ретінде, Гданьск қаласындағы құрметті консулымызды атап өткім келеді. Ол  Қазақстандағы фармацевтикалық нарықта өңдеуші сектордың ірі инвесторларының бірі болып табылады. Сонымен қатар Краков қаласындағы екінші құрметті консулымыз ұзақ жылдар бойы ірі химиялық концерннің басқарма төрағасы болып келеді. Ол ең алдымен қазақстандық сары фосфорды Еуропа нарығына экспорттауға өзіндік үлес қосып жүр.

Жаңа құрметті консул - профессор, Ph.d докторы әрі «ақылды үйлер» салуға маманданған ірі кәсіпкер. Ежи Бар осы қызметінде қазақстандық экспортты ілгерілету, елімізге инвестиция тарту және аймақаралық ынтымақтастықты одан әрі дамытумен айналыспақ.

ЕЖИ БАР, ҚАЗАҚСТАННЫҢ ВРОЦЛАВ ҚАЛАСЫНДАҒЫ ҚҰРМЕТТІ КОНСУЛЫ:

- Біз белсенді түрде үш міндетті атқаратын боламыз. Атап өтер болсақ, ол туризм, ғылым және ауыл шаруашылығын дамыту. Сонымен бірге Польшада өтетін ірі туристік көрмелерге қазақстандық компанияларды қатыстырғымыз келеді. Сондай-ақ, студенттер мен оқытушылар арасында алмасу тәжірибесін де қолға алуға ниеттіміз. Ауыл шаруашылық саласында қазақстандық өнімдер экспортын дамытып, шағын және орта бизнес саласында ынтымақтастық орнатуды көздеп отырмыз.

Құрметті консулдықты ашу салтанатына Польша депутаттары, сыртқы істер министрлігінің өкілдері, кәсіпкерлер мен Еуропа және Азия елдерінің дипломаттары қатысты. Шара барысында күй атасы Құрманғазы мен Нұрғиса Тілендиевтің шығармалары орындалып, халық билері көрсетілді.