Қазақстан мен ЕҚЫҰ ынтымақтастығын жалғастырмақ

Қазақстан мен ЕҚЫҰ ынтымақтастығын жалғастырмақ

Қазақстанның Сыртқы істер министрлігінде Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық жөніндегі ұйыммен ынтымақтастық перспективалары талқыланды. Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының қазіргі төрағасы, Словакияның сыртқы істер министрі Мирослав Лайчактың айтуынша, Ұйым Қазақстанның Орталық Азиядағы белсенді және конструктивті рөлін қолдайды. Сонымен қатар ол лаңкестікке қарсы күрестегі аймақтық ынтымақтастықтың жаңа оң динамикасын атап өтті.

МИРОСЛАВ ЛАЙЧАК, СЛОВАКИЯНЫҢ СЫРТҚЫ ІСТЕР МИНИСТРІ, ЕҚЫҰ ТӨРАҒАСЫ:

- Қазақстан Республикасы 2010 жылы Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына өте сәтті төрағалық етті. Сол кезде ұйымдастырылған маңызды келіссөздер,  ХХІ ғасырда ұйым аясында өткізілген ең жоғарғы деңгейдегі кездесу болып қала бермек. Ал қабылданған құжаттар әлі күнге дейін өз маңыздылығын жоғалтқан жоқ деп айтар едім.

Тараптар ұйымды жаңа жұмыс түріне көшіру мүмкіндігін де талқылады. Осылайша Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының орнықты байланысы жөніндегі тақырыптық орталық құру қарастырылуда. Оның негізгі атқаратын міндеттері - экономикалық, экологиялық өлшемдер. Сонымен қатар кездесуге қатысушылар Қазақстан-Словакия ынтымақтастығының өзекті мәселелерін талқылады.

Фото: inform.kz