Қазақстан мен Жапонияның парламентаралық ынтымақтастығы

Қазақстан мен Жапонияның парламентаралық ынтымақтастығы

Қазақстандық депутаттар Жапониядағы әріптестерімен ядролық қаруды таратпау, ғарышты игеру, мәдениет және спорт салаларындағы өзара ынтымақтастықты талқыға салды. Мәжіліс вице-спикері Гүлмира Исимбаева Жапония парламенті қос палатасының төрағаларымен келіссөздер жүргізді. Сонымен қатар сапар барысында депутаттарымыз Жапония парламенті төменгі палатасының төрағасы Тадамори Ошиамен де кездесті.

ГҮЛМИРА ИСИМБАЕВА, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ВИЦЕ-СПИКЕРІ:

- Қос елдің басшылары соңғы 5 жылда 7 кездесу өткізген. Осындай қарқынды байланыстарымыз парламенттік және үкіметтік деңгейде жалғаса беруі керек. Бізді ауыл шаруашылығы мен энергетикада өзара әрекет ету, сондай-ақ, жоғары технологиялар мен ақпараттық-байланыс салаларындағы екі жақты қарым-қатынас, сонымен бірге «Орталық Азия мен Жапония» форматында осы елдің тәжірибесі қызықтырып отыр.

Жапонияның заң шығарушы органында Қазақстанмен Парламенттік достық лигасы 25 жыл бойы еңбек етіп келеді. Бұл қос елдің депутаттарына тиімді диалог жүргізіп, нақты нәтижелерге қол жеткізуге жол ашып отыр.

ЯСУКО КОМИЯМА ЖАПОНИЯ ПАРЛАМЕНТІ ӨКІЛДЕР ПАЛАТАСЫНЫҢ МҮШЕСІ:

- Парламентаралық кездесулер елдер арасындағы қатынастардың дамуына септігін тигізетіні сөзсіз. Депутаттарымыз арасында байланыстар нығайғаны маңызды. Қыркүйек айында Қазақстаннның бас шаһары мен Токио арасында тікелей әуе қатынасы орнайды. Жолға кететін уақыт 11 сағаттан 5 сағатқа дейін азаяды. Бұл да келіссөздерді жиірек өткізуге әсер етпек.

КЕНТА ИДЗУМИ, ЖАПОНИЯ ПАРЛАМЕНТІ ӨКІЛДЕР ПАЛАТАСЫНЫҢ МҮШЕСІ:

- Қазақстан мен Жапония арасында ынтымақтастық, оның ішінде парламентаралық байланыстар да қарқынды дамитынына сенімдімін. Қазақстан мен Жапонияның тамаша мәдениеті бар және біз қос елдің жас ұрпағы арасындағы өзара байланысты күшейтуге ниеттіміз.

Заң шығарушы органдардың диалогы екіжақты түрде ғана емес, кең форматта да жалғасады. Биыл қыркүйек айында әлемдегі ең ірі құрлық Еуразия парламенттерінің спикерлері еліміздің бас қаласында өтетін 4-кеңеске қатысады.

Фото: mod.gov.kz