Н. Назарбаевтың жетекшілігімен Қазақстан әлемдік саясат алаңынан өз орнын тапты

Н. Назарбаевтың жетекшілігімен Қазақстан әлемдік саясат алаңынан өз орнын тапты

Нұрсұлтан Назарбаевтың жетекшілігімен Қазақстан елеулі жетістіктерге жетіп, әлемдік саясат алаңынан өз орнын тапты. БҰҰ Бас хатшысының орынбасары Алисон Смэйл осылай дейді. «Нью-Йорк Таймс», «Интернэшнл Херальд Трибюн» басылымдарында жұмыс істеген ол Қазақстандағы оқиғаларды үнемі назарда ұстап отырады. Елдегі соңғы өзгерістер мемлекетті жаңа жеңістерге жетелейді, дейді ол.

АЛИСОН СМЭЙЛ, БҰҰ БАС ХАТШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

- Нұрсұлтан Назарбаевтың өкілеттіктерін мерзімінен бұрын тоқтатуы – маңызды қадам. Ол Қазақстанның жарқын болашағы үшін еңбек етті. Нұрсұлтан Назарбаев мемлекетті талай қиындықтан алып өтті, ол халқымен бірге талай биікті бағындырды. Республиканың соңғы жылдары қол жеткізген жетістіктеріне әлем куә. Қазақ халқының ашықтығына, қонақжайлылығына тәнтімін.

Қазақстанның Тұңғыш Президентін жапон саясаткерлері бейбітшілікті насихаттаушы  бітімгер ретінде таниды. Жапония Парламенті өкілдері бүгінде Қазақстан Батыс елдерімен, Орталық және Шығыс Азиямен тығыз қарым-қатынас орнатып отырғанын айтады.

НАОКАДЗУ ТАКЕМОТО, ЖАПОНИЯ ПАРЛАМЕНТІ ӨКІЛДЕР ПАЛАТАСЫНЫҢ МҮШЕСІ:

- Қазақстанның Тұңғыш Президенті елдің дамуы үшін аянбады. Мемлекетті тамаша жетістіктерге жетеледі. Оған қоса әлемдегі бейбітшілікті насихаттауда қомақты үлес қосты. Жапония парламентарийлері Назарбаев билікке келген кезде ядролық қарусыздану саласында орасан жұмыс атқарғанын жақсы біледі. Сол себепті осыдан бірнеше жыл бұрын мен және менің әріптестерім Нұрсұлтан Назарбаевқа Нобельдің бейбітшілік сыйлығын табыстау жөнінде бастама көтерген болатынбыз.

Фото: akorda.kz