Қазақстанда Еуропа Кеңесінің өңірлік кеңсесі ашылады

Қазақстанда Еуропа Кеңесінің өңірлік кеңсесі ашылады. Бұл туралы Страсбургте Еуропа Кеңесінің Cыртқы байланыстар жөніндегі министрлер комитетінің отырысында белгілі болды. Қазақстанда әділет жүйесінің тиімділігін жақсартуға арналған Еуропа Кеңесі мен Еуроодақтың бірлескен үшжылдық бағдарламасының жұмысы табысты аяқталып, еліміз Еуропа Кеңесінің үш құқықтық құжатына қосылғанын айта кеткен жөн. Страсбургте отандық делегация осы бағдарламаның екінші кезеңін іске қосу мәселесін талқылады. Ол Орталық Азияның барлық елдерінде бірдей жүзеге асырылады. Сонымен қатар Еуропа Кеңесі Бас хатшысының орынбасары Габриела Баттаини-Драгонимен кездесуде тараптар Қазақстан сот жүйесін одан әрі модернизациялау бағытындағы ынтымақтастықтың мәселелерін талқылады.

РОМАН ВАСИЛЕНКО, ҚР СЫРТҚЫ ІСТЕР МИНИСТРІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ:

- Бағдарламаның табысты іске асқанын қазақстандық мамандар ғана емес, Еуропа Кеңесінің басшылығы да айтып отыр. Сондықтан оның мерзімін ұзартып, жаңа бағдарлама әзірлеу керек деген шешім қабылданды. Ол тек Қазақстан Республикасын ғана емес, аймақтың өзге елдерін де қамтиды. Сонымен қатар, бағдарлама 2019-2022 жылдар аралығында жүзеге асатын аймақтық бағдарламаның негізін құрайды. 2017 жылы Венеция Комиссиясы Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың бастамасымен ұлттық заңнама мен Конституциямызды реформалауды оң қадам деп баға беріп, қолдау білдірген болатын.

ДЖАННИ БУКИККИО, ЕУРОПА КЕҢЕСІНДЕГІ ВЕНЕЦИЯ КОМИССИЯНЫҢ ТӨРАҒАСЫ:

- Қазақстанмен бірлесіп алғашқы атқарған жұмысымыз 2007 жыл омбудсмендерге қатысты заң жобасын жетілдіру, әрі Омбудсмен институтын дамыту болды. Бүгінгі таңда Қазақстан Республикасымен арадағы көпжылдық байланыстар жақсы дамып келеді. Сонымен бірге, Қазақстан, Беларусь және Ресей елдерінің қатысуымен Кедендік одақтағы мүшелік бойынша заң актілері бойынша ынтымақтаса жұмыс істедік. Кезінде біз, сондай-ақ, сот жүйесінің конституциялық реформасын да талқылап, 2017 жылы Қазақстан Конституциясына өзгерістер енгізу жөнінде бірлесіп еңбек еткен болатынбыз. Бұл біз үшін өте маңызды тақырып болған. Ынтымақтастығымыздың соңғы 20 жылында сіздердің елдеріңізде демократияның дамуын жетілдіруде айтарлықтай прогреске қол жеткізілді. Бұл  сіздің Үкіметіңіз бен Венеция комиссиясының ортақ мақсаты болып келеді. Әрине, кейде демократия жайлы біздің қалыптасқан ой-пікірлеріміз бірдей болмай жатады. Бірақ мен алдағы уақытта Қазақстан елінің демократиялық белгілері еуропалық түсініктермен сай келетін болады деп ойламын. 

Фото: news-front.info