Халықаралық ұйымдардың Қазақстандағы саяси өзгерістерге пікірі

Халықаралық ұйымдардың Қазақстандағы саяси өзгерістерге пікірі

Қазақстанның қадамдары өзге елдерге үлгі. Бейбітшілік пен тұрақты даму үшін халықаралық федерациясының президенті Салли Кадер осылай дейді. Оның пікірінше, республикада орын алған өзгерістер - ел басшылығының халық болашағы үшін жүргізіп келе жатқан сарабдал саясатының айқын дәлелі.

САЛЛИ КАДЕР, БЕЙБІТШІЛІК ПЕН ТҰРАҚТЫ ДАМУ ҮШІН ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ФЕДЕРАЦИЯСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

- Қазақстандағы ауыс-түйіс өте байсалды, бейбіт өтті, бұл қазіргі кезде өте сирек құбылыс. Тұңғыш Президентіңіз зор еңбек атқарып, Қазақстанды бүкіл әлемге танытты, көп бастаманы ұсынған, оның арасында Сириядағы жағдайды реттеу бар. Қазақстан халқына тек жақсылық тілеймін. Елдеріңізде бейбітшілікті нығайтуға көп еңбек еткен мақсаттарына берік, мейірімді адамдар тұрады.

Бұл пікірмен Біріккен Корольдік Парламенті Қауымдар палатасының депутаты Боб Стюарт та келіседі. Нұрсұлтан Назарбаевтың демократиялық мемлекет құрудағы жасампаздық еңбегіне тәнті.

БОБ СТЮАРТ, БРИТАНИЯЛЫҚ ПАРЛАМЕНТТІҢ ҚАУЫМДАР ПАЛАТАСЫНЫҢ ДЕПУТАТЫ:

- Бұл - Қазақстанның Орталық Азия мен Қиыр Шығысқа озық демократия моделі бола алатындығын көрсетеді. Президенттің өкілеттігін тоқтатып, өзгеге жол беруі - үлкен көрегендіктің белгісі. Бар болғаны 30 жыл ішінде Қазақстанның Тұңғыш Президенті билікте жүріп, зор жетістіктерге жеткізе білді. Экономиканы гүлдендіре отырып, мемлекетті озық 50 елдің қатарына қосты.

Ал, Еуропадағы перспективалық талдау мен қауіпсіздік институтының президентінің ойынша, Қазақстанда орын алып жатқан жағдай – билік жүйесін өзгертетін эволюция. Билікті демократиялық жолмен табыстау Қазақстанның өзгеріп жатқанын тағы бір рет дәлелдейді,-дейді ол.

ЭММАНУЭЛЬ ДЮПУИ,  ЕУРОПАДАҒЫ ПЕРСПЕКТИВАЛЫҚ ТАЛДАУ МЕН ҚАУІПСІЗДІК ИНСТИТУТЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

- Билікті демократиялық  жолмен табыстау  арқылы ол Қазақстанның және Орталық Азияның өзгеріп жатқанын растап отыр. Осының арқасында саясаткерлердің жаңа буынына жол ашылмақ. Сондай-ақ, бұл билік жүйесін өзгертетін эволюция екені сөзсіз.

Фото: akorda.kz