Қазақстандықтар Н. Назарбаевтың ел тарихындағы рөлін атап өтті

Қазақстандықтар Н. Назарбаевтың ел тарихындағы рөлін атап өтті

Қазақстанның Тұңғыш Президенті – экономиканың дамуы үшін қолайлы жағдайлар жасай білген табысты реформатор. Өндірісті модернизациялау, жаңа технологияларды ендіру, экономика салаларын цифрландыру. Ел өркендеруінің басты факторлары – осы. Қостанай облысының шаруалары субсидиялар, дотациялар, несиелер және тың ендірмелерді іске қосу сынды мемлекет тарапынан көрсетілген қолдаудың арқасында техникаларын жаңартып, еңбек өнімділігін арттыруға қол жеткізгендерін айтып отыр. Соңғы төрт жылдың ішінде Қостанай өңірінің агроөнеркәсіп кешеніне 140 миллиард теңге көлемінде инвестиция салынған.

ЫБЫРАШ ЕСТАЕВ, ШАРУА:

- Ауыл шаруашылығына өте күрделі, өте үлкен жұмыс жасады. Менің білетінім, болат тізгінін қолға алып, өзі субсидия бергізіп, қыруар қаражатты еңбекшілерге берді. Қаламсабын алып шаруаларға, малшыларға осынша ақша, субсидия беру керек, көмек жасау керек, сырт шетелден техника алу керек деді. Осы кісінің үндеуімен бүгін біз үлкен жетістіктерге жетіп отырмыз.

МАРАТ АХМЕТОВ, АУЫЛШАРУАШЫЛЫҚ ӨНІМІН ӨНДІРУШІ:

- Осыдан 20 жыл бұрын біздің шаруашылықтың қолданысында 3 мың гектар жер болды. Кейін Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен салаға ерекше назар аударылып, күрт өзгерістер болды. Бүгінде әлемдегі ірі өндірушілердің озық техникаларын пайдаланамыз. Сондықтан экономика тұрақтылығын нығайта түсу бағытындағы жұмыстарымызды жалғастыра беруіміз керек.

Шығысқазақстандық металлургтер болса, тәуелсіз мемлекетімізді құрып, оны өркендету жолында Елбасының атқарған істерінің маңыздылығын айтады. Өндірістің  қарыштауы, әлеуметтік  жағдайдың тұрақталуы, денсаулық, білім беру саласына заманауи технологияның  енгізілуі  тек Тұңғыш Президенттің араласуымен  іске асырылып, басты назарында болды. Сондықтан металлургтер Елбасының осы бір қажырлы еңбегіне ерекше алғыстарын жеткізеді. Олардың лебіздеріне өзге де шығысқазақстандықтар  белсене қосылуда. Арасында  шаруалар, дәрігерлер және мұғалімдер бар.   

АЛЕКСАНДР ПАТРИН, АНА МЕН БАЛА ОРТАЛЫҒЫНЫҢ РЕАНИМАЦИЯ БӨЛІМІНІҢ МЕҢГЕРУШІСІ:

– 30 жыл бойы ел басқарған Елбасыға алғысымыз шексіз. Тату-тәтті ғұмыр кешіп жатырмыз. Балаларымыз тегін білім алып, азаматтарға тегін медициналық көмек көрсетіледі. Мұның бәрі бағалауға тұрарлық жетістіктер.

САЛТАНАТ  ЗАМАНБЕКОВА ОБЛЫСТЫҚ БІЛІМ БАСҚАРМАСЫ «ШЫҒЫС ӨҢІРЛІК ОРТАЛЫҒЫНЫҢ» ӘДІСКЕРІ:

- Елбасы экономикалық, қаржылық қиындықтарға қарамастан осы білім саласын ешқашан назардан тыс қалдырған емес. Оның үстіне мұғалімдерді қайта даярлау, біліктілікті арттыру курстары, әлемдік стандарттарға сай реформа мәселесіне көңіл бөліп, осы уақытқа дейін тәуелсіздікті баянды етуде ең керегі білім екенін бізге түсіндіріп берген, аңғартқан тұғырлы тұлға деп айта аламын.

Фото: liter.kz