Қазақстан әлемдік заң үстемдігі рейтингінде 65-ші орынға көтерілді

Қазақстан әлемдік заң үстемдігі рейтингінде 65-ші орынға көтерілді

Қазақстан әлемдік заң үстемдігі рейтингінде 65-ші орынға көтерілді. Мұндай зерттеуді «World Justice Project» халықаралық ұйымы жүргізген. Заңнаманы әлемдік стандарттарға сай етуге мән берудің арқасында еліміз 126 мемлекет арасында 65-ші орынға тұрақтаған. Ал Орталық Азия елдері ішінде көш бастап тұр. Бұл индекс 2 жылда бір рет жасалады. Рейтингте билік институттары құзыретінің шектелуі, оның ашықтығы, сыбайлас жемқорлықтың болмауы, тәртіп және қауіпсіздік, заңдардың сақталуы, азаматтық және қылмыстық сот төрелігі ескеріледі. 

ҒАЗИЗАТ ИМАКОВА, САЯСАТТАНУШЫ:

 - Қазір бізде сот төрелігінің жарыспалығы енгізіліп отыр. Яғни адвокаттар айыпталушыларды ашық сот отырысында  қорғай алады. Бұл – біздің ел үшін жаңашылдық. Рейтингтегі көрсеткішіміз жақсы екендігін атап өткім келеді. Тұрақтылық көрсеткіші бойынша Біріккен Ұлттар Ұйымының стандарттарына сай келеді. Билік институттарының құзыретін шектеу, бизнес құрылымдарды билік институттарынан ажырату сынды мәселелер қарастырылды. Бұған қоса, негізгі конституциялық құқықты қорғау, әлеуметтік қорғау құқығын да атап өтуге болады. Қазіргі таңда мемлекеттің әлеуметтік бағытқа бет бұрғанын көріп отырмыз.

Фото: lada.kz