Астана – Сирия шиеленісін реттеудегі тиімді алаң

Астана – Сирия шиеленісін реттеудегі тиімді алаң

Астана процесіне тағы да 2 ел қосылуы мүмкін. Сирия дағдарысын реттеу ісіне қатысуға Ирак пен Ливан өз мүддесін білдіріп отыр. Сарапшылардың айтуынша, ортақ шекарасы бар осы мемлекеттер Сириямен тығыз байланысты. Көптеген беделді сарапшылар Астана процесін одан әрі дамытуға шақырып отыр. Сондай-ақ бірнеше елдер мен халықаралық ұйымдар шиеленісті реттеуге тырысқанмен, тек Астана процесі нәтижелі болды, дейді сарапшылар.  

АБАС АСЛАНИ, ТАЯУ ШЫҒЫС СТРАТЕГИЯЛЫҚ ЗЕРТТЕУЛЕР ОРТАЛЫҒЫНЫҢ ҚЫЗМЕТКЕРІ:

 - Астана бүгінгі күні Сириядағы жанжалды қысқа мерзімде шешуге атсалысты. Мерзіміне де назар аударыңыз. Өйткені Сириядағы бейбітшілік мәселесі ұзақ уақытқа созылып, бұрыннан бері талқыланып жүр. Астана осы мәселеде өз күші мен сауаттылығын көрсетті.

Астана процесі Женева келіссөздеріне балама ретінде құрылған жоқ. Қазақстан БҰҰ атынан өтіп жатқан осы іске қолдау көрсетіп, Сирия шиеленісінің ең күрделі мәселелерін өз бақылауына алуға тиіс болған. Астанадағы алғашқы келіссөздер 2017 жылы өткен еді. Сол кезден бері 11 кезеңі өтіп, олардың бәріне Иран қатысқан. Сарапшылардың айтуынша, бұл ел Түркия және Ресеймен бірлесіп, Сириядағы жағдайды тұрақтандыруға тырысып жүр. 

САИД ШАВЕРДИ, ТАЯУ ШЫҒЫС МӘСЕЛЕЛЕРІ БОЙЫНША САЯСИ САРАПШЫ:

-  Бүгінгі таңда Иран мен өзге кепілгер елдер Сирия тұрғындарына көмектесу үшін бар күшін салып келеді. Қазақстан Республикасының Сирия мәселесін шешетін алаңға айналғанына сенімдімін. Не болса да Астана құр сөзге уақытын жұмсамай, нақты нәтижелерді көрсетіп жүр. Сирия осы процеске қатысушы елдермен тығыз ынтымақтасуы қажет, бұл елде бейбітшілік орнатуға септігін тигізеді. 

Фото: 24.kz