Қазақстан мен Иран құқық саласындағы ынтымақтастығын нығайтады

Қазақстан мен Иран құқық саласындағы ынтымақтастығын нығайтады

Қазақстан мен Иран құқық саласындағы ынтымақтастығын тереңдете түспек. Қос тарап азаматтық істер бойынша өзара көмек беру жөнінде келісімге қол қоймақ.  Жоба 1-ші шілдеге дейін қоғамдық талқылауға ұсынылды. Иран заңгерлерінің айтуынша, мемлекатаралық келісім халықаралық құқық ережелеріне сәйкес жасалған. Астана мен Тегеранның іскерлер қауымдары арасында тығыз байланыс орнағанын ескерсек, құжат даулы мәселелерді болдырмай, бірлескен жобалардың ауқымын кеңейтеді.

АББАС КОУЧ НЕЖАД, ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ҚҰҚЫҚ САЛАСЫНДАҒЫ АДВОКАТ:

 - Елдер арасында саяси, экономикалық және іскерлік қатынастар жақсы болғанда ғана осындай келісімдер жасалады. Енді өз құқықтарын қорғау үшін екі елдің сот органдарына шағымдануға болады. Бұл құқық саласындағы ынтымақтастығымыздың дамуына септігін тигізеді.  

Мемлекеттер арасындағы құқықтык көмек туралы келісім екіжақты қатынастардың дамуына септігін тигізеді. Құжат азаматтардың өзге елдің аумағында жеке және мүліктік құқықтарын қорғауға мүмкіндік береді. Келісім заң жүйесінің бүкіл саласын қамтыған. Қажет болған жағдайда, Иранда жүрген қазақстандықтар азаматтық, жеке отбасылық, іскерлік және еңбек мәселелері бойынша заңды көмек алады. Ал екі елдің құқық қорғау органдары түрлі ақпаратпен және азаматтық істер бойынша мәліметтермен алмасады. 

КАРАН РОХАНИ, ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ҚҰҚЫҚ БОЙЫНША ФИЛОСОФИЯ ДОКТОРЫ:

 - Бұл келісім азаматтарға өздерін заң қорғауында сезінуге мүмкіндік береді. Қиын жағдай туындағанда қайда барып, қандай көмек сұрауға болатыны осы құжатта көрсетіледі. Сондай-ақ келісімнің іскерлер үшін де пайдасы мол болмақ. Туған елден мыңдаған шақырым жерде бизнесі барлардың шаруасы жеңілдей түсері анық.

Қазақстан азаматтары құқықтарының Иранда толықтай заңмен қорғалатынына сенімді болмақ. Қазақстандықтар Иран тұрғындарымен тең негізде сотқа жүгіне алады. Және сот талқылауларын себепсіз кейінге қалдыруға жол берілмейді.

Photo: liter.kz