Астанада «Нұр Отан» партиясының XVIII съезі өтті

Астанада «Нұр Отан» партиясының XVIII съезі өтті

Даму мен жасампаздықтың 20 жылы. Астанада «Нұр Отан» партиясының XVIII съезі өтті. Мемлекет басшысы, Партия төрағасы Нұрсұлтан Назарбаев төрағалық еткен алқалы жиынға еліміздің барлық өңірлерінен 1 мың 179 делегат келген. Нұротандықтардың ең алғашқы құрылтайы осыдан 20 жыл бұрын өтіп, еліміздің ең үлкен, ықпалды саяси ұйымының негізі қаланған еді. Елбасы жиында сол тарихи кезеңге тоқталып, 20 жыл бойы жүргізіліп келе жатқан жұмыстың қорытындысын шығарды. Соның ішінде, әлеуметтік салаға республикалық бюджеттің 45 пайыздан астамы бағытталатынын еске салды. Бұған қоса, Президент білім саласындағы реформаларды мақсатына жеткізіп, үштілділікті қалыпты жолға қоюды тапсырды. Сонымен бірге съезде мемлекеттік бағдарламаларды іске асырудың тиімділігі мен мониторингін бағалау орталығы құрылатыны белгілі болды.

НҰРСҰЛТАН НАЗАРБАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

-  Тарих өлшемімен қарағанда 20 жыл бұл үлкен уақыт емес. Бірақ біз үшін тұтас дәуірге пара-пар. Ғасырлар тоғысындағы күрделі 2 мыңдық жағдайды өздеріңіз білесіздер, тез арада дұрыс таңдауымызды талап еткен заман болды. Тәуелсіздігімізді нығайтып, мықты мемлекет құру үшін бізге батыл әрі маңызды реформалар жасау керек болды сол кезде. Әйтпесе, өркениет жолына бастайтын әлемдік даму көшінен қалып қоятын едік. Осындай ұлы мақсатты көздеген «Нұр Отан» партиясы халықтың сенімін ақтап, орнықты ілгерілеуімізді қамтамасыз ететін бірден бір саяси күшке айналып жұмысын істеп келе жатыр.

Съезде партияның саяси бағдарламасы талқыға салынды. «Бақуатты қоғам: онжылдықтың 10 мақсаты» атты 2030 жылға дейінгі аралықты қамтитын жоспарда партия әлеуметтік бағыттарға ерекше басымдық беріп отыр. Бұған дейінгі құжаттарда саяси ұйым экономиканың дамуын негізге алса, алдағы 20 жылда сол экономикадағы әр азаматтың әл-ауқатының артуы «Нұр Отанның» мүддесі болмақ.                 

Фото: akorda.kz