Қазақстанда Оңтүстік Корея-Орталық Азия ынтымақтастық форумы өтеді

Қазақстанда Оңтүстік Корея-Орталық Азия ынтымақтастық форумы өтеді

Ағымдағы жылдың қазан айында Қазақстанда Корея-Орталық Азия ынтымақтастық форумының 12-ші отырысы өтеді. Мұндай шешім Сеулдегі осы ұйымның атқарушы комитетінің жиынында қабылданды. Онда Орталық Азия елдерінің елшілері және Оңтүстік Корея Сыртқы істер министрлігінің өкілдері бірлескен жұмыс жоспарларын талқылады.  Жиында айтылғандай, күздегі форумға Қазақстанға Корея үкіметі мен бизнес-секторының өкілдері, Орталық Азия республикаларының делегациялары және халықаралық ұйымдардың өкілдері жиналады. Аталған шара мемлекеттер арасында сауда-экономикалық, мәдени-гуманитарлық және басқа салалардағы ынтымақтастығын нығайтуға бағытталған.

БАҚЫТ ДҮЙСЕНБАЕВ, ҚАЗАҚСТАННЫҢ КОРЕЯДАҒЫ ТӨТЕНШЕ ЖӘНЕ ӨКІЛЕТТІ ЕЛШІСІ:

 - Келесі форум биыл күзде Астанада Сыртқы істер министрлер деңгейінде өтеді. Бұл шешім атқарушы кеңестің отырысында бекітілді. Форумға мүше елдердің барлығы Астана кеңесіне келіп, қатысатынын мәлімдеді.

Сондай-ақ белгілі болғанындай, тамызда әр елдің 5-6 маманы жаңа ұрпақтың көшбасшылығын қалыптастыру курстарына қатысу үшін Кореяға шақырылады. Сондай-ақ медицина, көлік және логистика, су ресурстары бойынша мамандар үшін тренингтер өткізіледі. Ал жас кәсіпкерлер үшін бизнес-идеялар конкурсы ұйымдастырылады. Бұдан басқа, Корея Республикасының азаматтары үшін наурыз айынан бастап желтоқсанға дейін Еуразиялық Академия жобасына қатысу мүмкіндігі жасалмақ. Оның аясында Оңтүстік Корея университеттерінде Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Түрікменстан және Өзбекстан туралы дәрістер оқылады. Одан ары қатысушылар Орталық Азия республикаларының оқу орындарында, ғылыми-зерттеу институттарында тәжірибеден өте алады.