Қазақстан мен Еуроодақ арадағы ынтымақтастығын тереңдетуде

Қазақстан мен Еуроодақ арадағы ынтымақтастығын тереңдетуде

Қазақстан мен Еуроодақ арадағы ынтымақтастығын тереңдетуде. Екіжақты саяси һәм экономикалық диалогты одан әрі нығайту жайы Брюссельде ынтымақтастық комитетінің 17-отырысында қаралды. Еуроодақ – Қазақстанның ірі сауда және инвестициялық әріптесі. Елімізге тартылған тікелей шетелдік инвестицияның жартысынан көбі Одақ елдерінің үлесінде. Сондай-ақ Қазақстан – Еуропалық бірлестікпен кеңейтілген серіктестік және ынтымақтастық келісімін жасасқан Орталық Азиядағы алғашқы ел. Бұл құжатты Қазақстан, Еуропарламент және одаққа мүше 28 елдің 25-сі ратификациялап үлгерді. Тараптар осы келісімде қамтылған 29 саладағы серіктестікті тереңдету мәселесін қарады. Тізімде энергетика мен қоршаған ортаны қорғау, көлік пен медицина, заңның үстемдігі мен азаматтардың құқығын қорғау, лаңкестік пен есірткіге қарсы күрес, сондай-ақ визалық тәртіпті жеңілдету мен аймақтық қауіпсіздік мәселелері бар.

РОМАН ВАСИЛЕНКО, ҚАЗАҚСТАН СЫРТҚЫ ІСТЕР МИНИСТРІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ:

 - Біз еуропалық инвестиция мен технологияны елімізге тартуға мүдделіміз. Әрине саяси қатынастарымызға да үлкен көңіл бөлдік. Былтыр Брюссельде елбасымыз жариялаған әлемнің жетекші ойыншылары – АҚШ, Ресей, Қытай және Еуроодақ арасында диалог ұйымдастыру бастамасын да қозғадық. Осындай диалог ұйымдастыру үшін үлкен дайындық жүргізу қажет.

ЛЮК ДЕВИНЬ, ЕСІҚ ЕУРОПА ЖӘНЕ ОРТАЛЫҚ АЗИЯ БОЙЫНША ДИРЕКТОРДЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

 - Орталық Азия аймағындағы бірқатар оң өзгерістерді қолдап жүрміз және аймақтық ынтымақтастықтағы Қазақстанның орнын жоғары бағалаймыз. Әлемде бейбітшілік пен тұрақтылықты қамтамасыз етуге Қазақстанның қосқан үлесін және БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіндегі тұрақты емес мүшесі ретіндегі еңбегін де құрметтейміз. Қауіпсіздік саласында біз бірлесіп экстремизм мен терроризммен күресіп келеміз. Еуроодақ қаржыландырып жүрген ауған әйелдеріне арналған ағартушылық бағдарламаны жүзеге асыруда Қазақстан көрсеткен қолдауын да жоғары бағалаймыз.