БҰҰ ҚК-нің үкіметтік емес ұйымдары Қазақстанның органдағы еңбегіне өз бағасын берді

БҰҰ ҚК-нің үкіметтік емес ұйымдары Қазақстанның органдағы еңбегіне өз бағасын берді

БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің жұмысы бойынша үкіметтік емес ұйымдар тобы Қазақстанның осы құзырлы органдағы еңбегіне өз бағасын берді. Халықаралық үкіметтік емес ұйымдардың жетекшілері шиеленістерді шешуде және бітімгершілік әрекеттегі Қазақ елінің қосқан үлесі мен белсенді ұстанымына жоғары баға беріп, алғысын білдірді. БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің жұмысы бойынша үкіметтік емес ұйымдар тобына гуманитарлық, адам құқықтары, қарусыздану, жаһандық басқару мен даму салаларындағы 37 ұйым кіреді. Топтың төрағасы, БҰҰ жанындағы Amnesty International кеңсесінің жетекшісі атап көрсеткендей, Қазақстан Қауіпсіздік Кеңесіне мүшелігі барысында бейбітшілік пен дамуды жақтаушы ретінде танытып, алға қойылған мақсаттарға жету жолында аса белсенділік танытты.

РЕНЗО ПОМИ, БҰҰ ҚК ЖҰМЫСЫ БОЙЫНША ҮЕҰ ТОБЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ:

 - Қауіпсіздік Кеңесі құрамында Қазақстан жұмысының аяқталуы БҰҰ-ында елдеріңіздің мүмкіндіктері сарқылғанын білдірмейді. Осы ретте бейбітшілік пен қауіпсіздік мәселелерін атағым келеді. Бұл тұрғыда Қазақстанның белсенділігі өте жоғары болып, аймақтық жанжалдарды реттеуге қатысқан. Әдетте Қауіпсіздік Кеңесі құрамынан шыққан елдер өздері қатысқан мәселелер бойынша жұмысын жалғастырады. Сол себептен Қазақстан шиеленістерді шешу ісінде белсенділігін сақтап қалады деген ойдамыз.

Халықаралық қауымдастық таныған Қазақстан мен елбасының бітімгерлік іс-қимылын АҚШ профессоры, саясаттанушы мен тілші Леонид Гольдин ерекше атап өтті. Ол Сириядағы ахуалды реттеу бойынша Астана процесінің барысын мұхиттың арғы жағынан бақылап жүрген. Ол Қазақстанды көптеген өр мақсатқа жеткен үлгі тұтар ел ретінде келтіреді.

ЛЕОНИД ГОЛЬДИН, ПРОФЕССОР, САЯСАТТАНУШЫ:

 - Қазақстанның бітімгер ретіндегі орны бөлек. Астанада болғанда, түрлі елдерден келген адамдарды көрдім. Бірақ онда араб пен еврейлердің қарым-қатынасы маған ең үлкен әсер қалдырды. Әлем жанжалдардың алдын алудағы Қазақстанның рөлін жақсы біледі. Жұртты құр сөзбен тәрбиелеу мүмкін емес. Бірақ Қазақстанға баруды ұсыну керек. Одан мүлдем өзге адам болып қайтады. Ең бастысы – көптеген мақсатқа жетуге болатынына көздері жетеді.