Лондонда Қазақстанның БҰҰ ҚК-гі жұмысы қорытындыланды

Лондонда Қазақстанның БҰҰ ҚК-гі жұмысы қорытындыланды

БҰҰ-ның Қауіпсіздік Кеңесіндегі Қазақстанның жаһандық бастамалары елдің халықаралық аренадағы беделін арттыруға жол ашты. Ұлыбританияның Еуропа мен Америка істері жөніндегі мемлекеттік министрі Алан Данкан осындай ойымен бөлісті. Лондонда біздің елдің БҰҰ –ның Қауіпсіздік Кеңесіндегі жұмысы қорытындыланған болатын. 

АЛАН ДАНКАН, ҰЛЫБРИТАНИЯНЫҢ МЕМЛЕКЕТТІК МИНИСТРІ:

 - Меніңше, сіздер аймақта көшбасшы екендіктеріңізді көрсетіп, Орталық Азиядағы басқа мемлекеттерге үлгі бола білдіңіздер. Шынымен де, әлемнің саяси картасында Қазақстанның беделі шарықтады. Алдағы уақытта көрші елдердің Біріккен Ұлттар Ұйымының жұмысына белсенді түрде араласуына себепші боласыздар деген үміттемін.

Кездесуге Ұлыбритания Сыртқы істер министрлігінің басшылығы, шетелдік дипломаттар, Лордтар палатасы мен Біріккен Корольдік қауым палатасының мүшелері қатысты. Олар Біріккен Ұлттар Ұйымының Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшесі ретіндегі Қазақстанның жетістіктерін сөз етті. Британиялық сарапшылар Қазақстанның Қауіпсіздік Кеңесіндегі қызметін қорытындылай отырып, жаппай қырып-жою қаруларын таратпау және халықаралық шиеленістерді шешу сияқты еліміз бас-көз болған мәселелерге ерекше назар аударды. Жаһандық стратегия форумының төрағасы Лорд Лотиан Қазақстанның диалог орнатудағы рөліне тоқталды.

ЛОРД ЛОТИАН, ЖАҺАНДЫҚ СТРАТЕГИЯ ФОРУМЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ

 - Бейбітшілік орнату үшін екі нәрсе керек. Біріншісі – диалог, екіншісі – сол сұхбатты өткізетін орын. Қазақстанда мұның бәрін ұтымды пайдалана білді.

Сондай-ақ шара барысында Қазақстанның Ұлыбританиядағы елшілігі еліміздің Біріккен Ұлттар Ұйымында жасаған жұмыстары жайлы арнайы фотокөрме ұйымдастырып, бейнефильм көрсетті.