Қазақстан халықаралық аренадағы рөлін нығайтуда

Қазақстан халықаралық аренадағы рөлін нығайтуда

Қазақстан халықаралық аренадағы рөлін нығайтуда. Еліміз әлемдік қауымдастыққа сәтті интеграцияланып қана қоймай, өзін мойындатып үлгерді. Нақты жетістіктердің қатарында бітімгерлік бастамалары мен экономикалық дамуды атап өтуге болады. Белгілі америкалық саясаткерлер қысқа мерзімде еліміздің қарқынды дамығандығын атап отыр. Қазақстандағы АҚШ-ның тұңғыш елшісі Уильям Кортни бұл көрсеткіштер қуантады, - дейді. Ол Қазақстанның табысы мен тұрғындардың қонақжайлылығына тәнті.

УИЛЬЯМ КОРТНИ, АҚШ-НЫҢ ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ ТҰҢҒЫШ ЕЛШІСІ:

 - Біз Қазақстанда Американың елшілігін ашқан кезде елдеріңіз осыншалықты дамиды деп ойлаған жоқпыз. Қазіргі уақытта Қазақстанның болашағы жарқын болатынына сенімдіміз. Алдағы уақытта да елдеріміз түрлі салалар бойынша әріптестікті нығайта түспек. Қазақстан мен Америка Құрама Штаттары серіктестігінің басты жетістігі – Каспийдің энергетикалық ресурсын дамыту болды деп есептеймін. Қазақстан – мұнайдың басты экспорттаушыларының бірі. Біз мұндай әріптестікті жалғастыруымыз керек. Теңіз жобасын кеңейтуге 37 млрд АҚШ доллары көлеміндегі қаражат бағытталды. Бұл әлемдегі ең ірі жобалардың бірі болып отыр.

Қазақстан өзін аймақтық өкілдікте де халықаралық бітімгер ретінде таныта білді, - дейді сарапшылар. Олардың айтуынша, елдің бастамалары өзекті. Олардың біразы Біріккен Ұлттар Ұйымының ресми құжатты мәртебесін алған. Саясаттанушылар мен дипломаттар еліміздің осы ұйымның Қауіпсіздік Кеңесіндегі жұмысына да оң бағаларын беріп отыр.

ТОРЕ ВЕСТБИ, «МЭРЛЕР БЕЙБІТШІЛІК ҮШІН» ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ҰЙЫМЫНЫҢ  ВИЦЕ-ПРЕЗИДЕНТІ:

 - Сіздердің елдеріңіз кез келген ұлттың ядролық қарусыз-ақ өмір сүре алатындығын дәлелдеді. Екі бірдей ірі державаның ортасында бола тұра Қазақстан ядролық қарудан еркін аймақ болып отыр. Сіздер бұл салада модератор қызметін атқарып отырсыздар. «Мэрлер бейбітшілік үшін» ұйымында жұмыс істей бастаған кезде Қазақстанның бастамасымен қолға алынған халықаралық «АТОМ» жобасы жайлы білдім. Міне, бірнеше жыл қатарынан мен осы жоба аясында әріптестік орнаттым.