Қазақстан БҰҰ миссиясына бітімгерлер дайындайтын болады

Қазақстан БҰҰ миссиясына бітімгерлер дайындайтын болады

Қазақстан БҰҰ миссиясына бітімгерлер дайындайтын болады. КАЗЦЕНТ «Бейбітшілік жолындағы серіктестік» оқу орталығының мамандары әзірлеген бітімгерлік курстар Біріккен Ұлттар Ұйымының ресми қолдауына ие болып отыр. Казцент – мұндай мәртебеге ие болған аймақтағы тұңғыш орталық. Тиісті құжатқа Нью-Йорктегі штаб пәтерінде БҰҰ ұйымы бас хатшысының бейбітшілікті сақтау жөніндегі орынбасары Жан-Пьер Лакруа қол қойды. КАЗЦЕНТ орталығында бітімгерлерді даярлау курстарында азаматтық тұрғындарды қорғауға, тәртіпті сақтауға және БҰҰ-ның бейбітшілікті сақтау операцияларын түсіндіруге ерекше көңіл бөлінеді. Әлемдік экономика және саясат институтының сарапшысы Жұмабек Сарабековтың айтуынша, Біріккен Ұлттар Ұйымының Қазақстанға мұндай сенім артуы еліміздің халықаралық қауіпсіздікті нығайтуға үлес қосуына сеп болады.

ЖҰМАБЕК САРАБЕКОВ, ИМЭП САРАПШЫСЫ:

-  2018 жылдың қазан айының соңында бітімгерлік контингент құрамындағы 120 адам Ливанға барған болатын. Олар бірнеше қызмет атқармақ. Ливандағы қазақстандық бітімгерлер азаматтық тұрғындарды қорғап, Ливан мен Израиль шекарасындағы  бақылау бекеттері мен олардағы оқ атуды тоқтату режимін бақылайтын болады.

Ливандағы миссия, бітімгерлерді даярлау құқығын алу, БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіндегі төрағалық. Мұның бәрі Қазақстанның жаһандық қауіпсіздікті нығайтуға белсенді қатысуына жағдай жасайды, - дейді сарапшылар.