Қазақстанның әлемдік аренадағы рөлі

Қазақстанның әлемдік аренадағы рөлі

Тәуелсіздік жылдарында Қазақстан әлемдік саясатта талассыз халықаралық беделге ие мемлекеттерінің қатарында. Еліміз Еуразияның басты мемлекеттерінің бірі болып саналады. Республика өзінің бастамалары мен бітімгершілік әрекеттерімен танымал. БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің Сомали және Эритреяға қатысты санкциялар жөніндегі комитетінің төрағасы ретінде Қазақстан Эритреяға қарсы санкцияларды жою туралы шешімге елеулі үлес қосты. Аталған ел өкілдері республикамызға осындай тарихи шешімге және өңірдегі орнықты бейбітшілікті орнатуға жәрдемдесу үшін алғыс білдіреді.

АМАНУЭЛЬ ДЖОРДЖИО, БҰҰ ЖАНЫНДАҒЫ ЭРИТРЕЯ ІСІ ЖӨНІНДЕГІ УАҚЫТША СЕНІМДІ ӨКІЛІ:

-  Сіздердің елдеріңіз дипломатиялық әдіс-тәсілдерге жүгіне отырып, дұрыс жұмыс істеді. Біз Нью-Йорктегі офистеріңізбен тығыз қарым-қатынаста болдық. Соның нәтижесінде Эритреяға салынған санкциялардың күші жойылды. Бұл Қазақстанның БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіндегі табысты жұмысының арқасында іске асты. Біз Қазақстанның халықаралық аренада ұстанған роліне алғыс айтамыз.

Бүгінде Қазақстан барлық бағыттар бойынша жаһандық үдерістерге белсене қатысып келеді. Республиканың атқарған еңбегіне шетелдік сарапшылар мен саясаткерлер ерекше назар аударуда. АҚШ конгрессмені Дана Рорабахер Қазақстанмен ынтымақтастықты кеңейтудің үлкен перспективаларын көреді.

ДАНА РОРАБАХЕР, АҚШ КОНГРЕССІНІҢ ДЕПУТАТЫ:

-  Тәуелсіздік алғаннан кейін қазақ халқы бірлігін сақтап, ішкі кикілжіңдердің алдын ала білді. Сонымен қатар қырғи-қабақ соғыс, ядролық қару сынды сын-қатерлерден аман өтіп, сонымен қатар өзге елдерге үлгі бола білген мемлекет деп айтсақ та кем емес. Географиялық орналасқан жері де өте қолайлы. Сондықтан осы мүмкіндікті тиімді пайдаланып, көлік, сауда хабына айналдыру керек. Қазіргі таңда оған мүмкіндіктер де жеткілікті. Сондықтан Америка Құрама Штаттары Қазақстанмен ынтымақтастықты одан әрі дамыта түсуге мүдделі.

Қазақстандағы дипломатиялық миссиялардың саны артуда, әлемдік ұйымдар да республикада өз кеңселерін ашуда. Бұл басқа да көптеген нәрселер сияқты, әлемдік қоғамдастықтың біздің елмен өзара тиімді қарым-қатынастарды дамытуға деген қызығушылығын тудырады.