Қазақстан әлемдік аренада: 2018 жыл қорытындысы

Қазақстан әлемдік аренада: 2018 жыл қорытындысы

2018 жыл Қазақстан үшін табысты болды. Бұған елдің ауқымды сыртқы саяси бастамалары дәлел. БҰҰ-ның Қауіпсіздік Кеңесіндегі төрағалықтан бастап Орталық Азия елдері лидерлерінің саммитін ұйымдастыруды атап өтуге болады. Жылдың маңызды жетістігі – Ақтауда өткен V Каспий саммиті, - дейді сарапшылар. Оның нәтижесінде Қазақстан, Әзербайжан, Иран, Ресей және Түркіменстан президенттері теңіздің құқықтық мәртебесі жөніндегі конвенцияға қол қойылды.

ШЫҢҒЫС ИСМАИЛОВ, КАСПИЙ ЗЕРТТЕУЛЕРІ ОРТАЛЫҒЫНЫҢ ЖЕТЕКШІСІ:

 - Құжатты ратификациялау Каспий аймағы елдерінің әріптестігін нығайта түсетіні белгілі. Қазіргі таңда аталған елдердің қарым-қатынасы қарқынды түрде дамып келеді. Ал конвенция келешекте кез келген іс-қимылды заң жүзінде реттеуге мүмкіндік береді. Себебі аймақ елдері Каспийдегі мұнай, көлік тасымалы және экологиялық жобаларды бірлесіп іске асыруға мүдделі. Алдағы уақытта Каспий бестігінің серіктестігінің жемісін көреміз деген сенімдемін.

Отандық дипломатия үшін БҰҰ-ның Қауіпсіздік Кеңесінде төрағалық ету маңызды оқиға болды. Қазақстан – беделді органның тұрақты емес мүшесі. Қаңтар айында отандық дипломаттар түрлі деңгейдегі 30 отырыс ұйымдастырды. Қазақстандық делегация бастамашылық еткен іс-шаралар табысты өткізіліп, олардың нәтижелері бойынша маңызды қорытынды құжаттар қабылданды.

БАХТИЁР ИБРАГИМОВ, ӨЗБЕКСТАНДАҒЫ БҰҰ ТҰРАҚТЫ ӨКІЛІ: 

 - Егемендік жылдары Қазақстан талай шыңдарды бағындырды. Әсіресе БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіне мүшелік еткен кезеңін айрықша атап өткім келеді. Қазақстан – Орта Азия елдері арасында бұл мәртебеге қол жеткізген алғашқы мемлекет. Бұл ретте атқарылған шаралар ауқымды әрі маңызды. Біздің елдердің сыртқы істер министрлерінің бас қосуына ықпал етті.

Биыл Қазақстан бітімгер ретіндегі рөлін де  нығайта түсті.  Қазіргі таңда еліміз – қауіпсіздік пен тұрақтылықты сақтау жолындағы әлемдік қауымдастықтың беделді мүшесі. Өзгелерге үлгі болып отыр. Қазақстан тұңғыш рет Ливандағы халықаралық бітімгерлік миссиясына қатысуда.

Қазақстан БҰҰ-мен барлық бағыттар бойынша белсенді әріптестік орнатқан. 2018 жылы Алматыда ұйымның аймақтық хабының ашылуын ерекше атап өтуге болады. 

ЕРЖАН АШЫҚБАЕВ, ҚР СЫРТҚЫ ІСТЕР МИНИСТРІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ:

 - Бұл Орталық Азия аймағында орнықты даму мақсаттарын ілгерілету үшін өте маңызды. Өйткені қазір БҰҰ-ның барлық агенттіктері бір жерге тоғыстырылды. Демек олардың қызметін үйлестіру, бірлескен жұмыстар мен жобаларды атқару шараларын жеңілдетеді. Мұның бәрі Қазақстан үшін ғана емес, Орталық Азия үшін де зор маңызға ие.  

Қазақстан ЮНЕСКО бастамаларын да қолға алған болатын. Халықаралық биосфералық резерваторлардың халықаралық желісіне Шарын мен Жоңғар енгізілді. Енді бұл тізімде қазақстандық 10 нысан бар. Бұл халықаралық әріптестікті, туризмді дамытып, табиғи саналуандықты сақтауға мүмкіндік беріп отыр.