Қазақстанның әлемдік саясаттағы ролі

Қазақстанның әлемдік саясаттағы ролі

Қазақстанның әлемдік саясаттағы ролі артып келеді. Республика ірі халықаралық шараларға белсенді түрде қатысып, беделді алаңдарда ғаламдық бастамаларын ұсынып қана қоймай, оларды нақты іске асыру талпынысымен танылып келеді. Антиядролық қозғалыстың көшбасшысы ретінде мойындалған Қазақстанның беделі және елге деген сенім нығайып келеді. Еске салсақ, Біріккен Ұлттар Ұйымы 29 тамызды Ядролық сынақтарға қарсы халықаралық іс-қимыл күні етіп жариялау туралы Қазақстан бастамасына қолдау білдірді. Ал 2015 жылдың желтоқсанында Халықаралық ұйымның Бас Ассамблеясы еліміздің бастамасымен Ядролық қарудан азат бейбіт әлем құру туралы жалпыға ортақ декларацияны қабылдады. Осы тұрғыда қазақ елінің халықаралық деңгейдегі баға жетпес еңбегі зор, дейді Польша сеймінің вице-спикері Рышард Терлецки. Саясаткер, сондай-ақ Қазақстан мен Польша арасындағы достық қарым-қатынасты атап өтті.

РЫШАРД ТЕРЛЕЦКИ, ПОЛЬША СЕЙМІНІҢ ВИЦЕ-СПИКЕРІ:

- Қазақстан тәуелсіздік алған жылдан бастап экономикасын дамытып, саяси тұрақтылығын сақтап, көптеген бейбіт келіссөзге мұрындық болды. Қазақ елі көп жетістікке қол жеткізді. Олардың ішінде ЭКСПО көрмесін, Каспий мәртебесі жөніндегі келісімді және БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіндегі төрағалығын атап өту керек. Мұның бәрі Қазақстанның сыртқы саясаттағы ролінің артқандығын көрсетеді. Біз екі мемлекет арасындағы ынтымақтастықтың жалғаса беруін қалаймыз. Алдағы уақытта Краков қаласынан Астанаға қарай жаңа әуе рейсін  ашу жоспарда бар. Бұл екі мемлекет арасындағы туризмнің дамуына септігін тигізеді.