Лондонда Қазақстанның БҰҰ ҚК-дегі қызметінің нәтижелері талқыланды

Лондонда Қазақстанның БҰҰ ҚК-дегі қызметінің нәтижелері талқыланды

Лондонда Қазақстанның Біріккен Ұлттар Ұйымы Қауіпсіздік Кеңесіндегі қызметінің нәтижелері талқыланды. Осыдан 2 жыл бұрын осыған ұқсас шара өткізілген болатын. Ол кезде «Қазақстанның Қауіпсіздік Кеңестегі тұрақты емес мүшелігі қандай болмақ?» деген сауал талқыланды. Осы жолы сол болжамдардың қаншалықты жүзеге асқаны айтылды. Саяси партиялар мен бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері, саясаттанушылар бірауыздан Қазақстан халықаралық бітімгер әрі аймақтық өкіл ретінде діттеген мақсатына жетті деп шешті. 

СТИВЕН ЭМБЛАНД, САЯСАТТАНУШЫ:

 - Қазақстан көбіне назарын терроризм мәселесіне аударды. Халықаралық қауымдастықты Ауғанстан проблемаларын қайта қарауға шақырды. Бұл соңғы 8 жылда бірінші рет болып отырған жағдай. Сонымен қатар Қазақстан әлемдегі ең ірі ядролық арсеналды мұра ретінде қабылдаған ел ретінде ядролық қаруды таратпау мәселесін көтерді.

Шара UCL университеті шығыстану факультетінің және «Ашық Орталық Азия» журналының ұйымдастыруымен өтті. Олар үшін Қазақстан бүгінде аймақ көшбасшысы ретінде ерекше тартымды болып тұр. 

МАРАТ АХМЕДЖАНОВ, «АШЫҚ ОРТАЛЫҚ АЗИЯ» ЖУРНАЛЫН ШЫҒАРУШЫ:

 - Біз болашақта да Қазақстанның халықаралық деңгейдегі белсенділігін қуана қадағалайтын боламыз. Бұл тек Біріккен Ұлттар Ұйымы Қауіпсіздік Кеңесі ғана емес, басқа да халықаралық ұйымдарға қатысты айтылған әңгіме. Сараптап, танытып, көмектесетін боламыз.

Келешекте мұндай шараларды көптеп өткізу жоспарланып отыр. Әсіресе, Ұлыбританиядағы танымал жоғарғы оқу орындарының ұстаздары мен шәкірттері арасында. Өйткені академиялық және студенттік қауымдастықтың Орталық Азияға деген қызығушылығы күн санап артып келеді.