Берлин Еуразиялық клубының мерейтойлық 25-ші отырысы өтті

Берлин Еуразиялық клубының мерейтойлық 25-ші отырысы өтті

Ашық диалог. Германия астанасында Берлин Еуразиялық клубының мерейтойлық 25-ші отырысы өтті. Бұл пікір алмасу алаңы 2012 жылы Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен құрылған. Бұл жолы сарапшылар «Каспийдің құқықтық мәртебесі және аймақпен ынтымақтастық орнату жайын» талқыға салды. Форумға саясаткерлер мен ірі неміс компанияларының басшылары және сарапшылар қатысты. Қазақстанның Сыртқы істер министрінің орынбасары Роман Василенко Каспий мәртебесінің айқындалуы аймақтағы инвестициялық ахуалға оң әсерін тигізетінін айтып, неміс кәсіпкерлерін ынтымақтастық орнатуда белсенді болуға шақырды. Сондай-ақ жиында «Астана» халықаралық қаржы орталығының да мүмкіндіктері таныстырылды.

РОМАН ВАСИЛЕНКО, ҚР СЫРТҚЫ ІСТЕР МИНИСТРІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ:

 - Маңызды кездесулер болды. Қатысушылар Қазақстан және Каспий аймағындағы өзге де мемлекеттермен тиімді қарым-қатынас орнату мәселесіне қызығушылық танытып отыр. Себебі Ақтауда өткен саммитте Каспий теңізінің құқықтық мәртебесі туралы конвенцияға қол қойылды. Бүгінгі жиында сарапшылар Германияның транспорт және логистика бойынша ынтымақтастықты дамытуға мүдделі екенін айтты. Олар Каспий теңізінің табиғи байлығын игеруге де қызығушылық байқатты.

САША ТРЕППТЕ, ДУЙСБУРГ ПОРТЫ СТРАТЕГИЯЛЫҚ ДАМУ БӨЛІМІНІҢ ЖЕТЕКШІСІ:

 - Бұл алаң халықаралық нарықтағы түрлі салалар бойынша өзара пікір алмасуға жақсы болды. Мұнда маңызды мәселелер ортаға салынады. Болашақтағы ынтымақтастықты дамыту жолдарын осы форум аясында қарастыруға мүмкіндік бар. Алғашқы байланыс орнатылады. Қазақстан транзиттік әлеуеті зор ел, ол Қытайға барар қақпа деп қабылдаймыз. Біз осы салада тығыз серіктестікті көріп тұрмыз.