БҰҰ ҚК құрамындағы Қазақстан қызметі

БҰҰ ҚК құрамындағы Қазақстан қызметі

Біріккен Ұлттар Ұйымы Қауіпсіздік Кеңесінінің тұрақты емес мүшесі роліндегі Қазақстанның миссиясы үстіміздегі жылдың 31 желтоқсанында аяқталады. Біздің делегация беделді орган құрамында әлемдегі бейбітшілік пен қауіпсіздікті нығайту бағытында белсенді іс-қимыл танытты. Республика өкілдері лаңкестікпен күрес, Таяу Шығыстағы ахуалды реттеу бойынша өз шешімдерін ұсынып, ашық пікірсайыстарға қатысып жүр. Сондай-ақ жаһандық қауіпсіздікті нығайту жөніндегі тың бастамаларын алға тартып,  ұйымдағы жұмысын белсенді жалғастырып келеді.

ҚАЙРАТ ОМАРОВ, ҚР БҰҰ ЖАНЫНДАҒЫ ТҰРАҚТЫ ӨКІЛІ:

 - Әрбір ел өзінің егемендігін қорғайды. Әрбір ел үшін өздерінің мүдделеріне қатысты сын-пікірлер айтылғанда теріс көзқарас қалыптасып, араға сызат түсуі мүмкін. Қазақстандық дипломаттардың ұстанған саясаты жағдайды ушықтырмай, оң шешімін табуға мүмкіндік берді. Менің ойымша, президент алдымызға қойған міндеттерді біз толығымен орындадық. Бүгінгі таңда өте күрделі саяси мәселелерді шешуде адал брокер, модератор және көмекші бола білдік.

Қайрат Омаровтың айтуынша, Қазақстанның Біріккен Ұлттар Ұйымы Қауіпсіздік Кеңесіндегі мүшелігі әлемдегі құбылмалы геосаяси жағдаймен тұспа-тұс келді. Қазақстандық дипломатттардың ұстанған саясаты жағдайды ушықтырмай, оң шешімін табуға мүмкіндік берді.

ҚАЙРАТ ОМАРОВ, ҚР БҰҰ ЖАНЫНДАҒЫ ТҰРАҚТЫ ӨКІЛІ:

 - Жалпы алғанда, елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың алға қойған 7 басымдығы орындалып, толығымен жүзеге асты. Көптеген мәселелер бойынша алға ілгерілеушілік бар. Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас Ассамблеясы мен Қауіпсіздік Кеңесінің мүшелері біздің елдің атқарған жұмысын өте жоғары бағалады. Сондай-ақ Қазақстан Республикасының Қауіпсіздік Кеңес құрамына кіруі ел тәуелсіздігінің 25 жылдығымен тұспа-тұс келді. Ал Біріккен Ұлттар Ұйымына мүше 60 ел әлі күнге дейін мүшелікке кіре алмаған. Біз 193 елдің ішінде басты органға өте алған элитаның қатарына қосыла алдық. Бұл – үлкен мақтаныш.

БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіндегі жұмысы барысында көптеген тұрақты емес мүшелер біздің еліміздің нақты өткір халықаралық немесе аймақтық проблемалар бойынша толық ақпаратқа ие екендігіне көз жеткізіп, салмақты, оң шешімдер қабылдайтынына сенімді болған қазақстандық тараптың дауысын басшылыққа алды. Жақында Қазақстанның БҰҰ ҚК- дегі жұмысы аяқталады. Қазақ елінің мүшелігі халықаралық ұйым мен Орталық Азияның байланысын бекемдей түсті. Қос тарап бұдан кейін бейбітшілік пен қауіпсіздікті сақтауда сенімді серіктес ретінде бірігіп әрекет етуді жалғастырмақ.