БҰҰ: Қазақстанның жаһандық бастамалары

БҰҰ: Қазақстанның жаһандық бастамалары

Тәуелсіздік жылдарында Қазақстан жаһандық антиядролық қозғалыстың көшбасшысы атанып, бітімгерлікке ұмтылған қадамы сәтімен жүзеге асты. Ядролық сынақтарға жаппай тыйым салу шарты Ұйымының атқарушы хатшысы Лассина Зербоның пікірінше, жаһанда бейбітшілік сақтау ісінде елбасының орны бөлек. Ядролық қарудан құтылса да, Қазақстан Республикасы жаппай қыру қаруынан азат әлем үшін қозғалыстан шет қалған жоқ. Керісінше оның ең белсенді мүшелерінің бірі болды»,- дейді Лассина Зербо. Біріккен Ұлттар Ұйымының 100 жылдығына қарай, 2045-жылға дейін әлемді ядролық қарудан ада ету жөнінде елбасының бастамасы Ядролық сынақтарға жалпыға бірдей тыйым салу туралы келісім ұйымының да бағдарына айналған.

ЛАССИНА ЗЕРБО, ЯДРОЛЫҚ СЫНАҚТАРҒА ЖАППАЙ ТЫЙЫМ САЛУ ШАРТЫ ҰЙЫМЫНЫҢ АТҚАРУШЫ ХАТШЫСЫ:

-  Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың бастамалары – ядролық сынақтардың жойқын салдарын еске салып қана қоймай, жаппай қырып-жою қаруын таратпау және қарусыздану мақсатында пәрменді іс-қимыл жасауға үндеп отыр. Осы үрдісте Қазақстан көш бастап келеді. Биыл «Өткенді еске алып, болашаққа қарайық» атты халықаралық конференция ұйымдастырғандарыңызға алғысымызды білдіреміз. Қарусыз әлем сіздердің бастамаларыңыз бойынша Ядролық сынақтарға қарсы халықаралық күннің арқасында құрылды.

Қазақстанның астанасы Сириядағы қақтығысты реттеу жөніндегі келіссөздер үшін тиімді алаңға айналды. Астанада 11 рет осы ел үкіметінің өкілдері, қаруланған оппозиция, Түркия, Ресей және Иран кепілдік беруші елдер, сондай-ақ БҰҰ арнайы өкілі жиналды. Естеріңізге сала кетейік, бүгінгі таңда шетелдік сарапшылар Астана процесінде қабылданған шешімдердің маңыздылығын жоғары бағалайды.

АНДРЕЙ МАМЫКИН, ЕУРОПАРЛАМЕНТ ДЕПУТАТЫ:

 - Сириядағы жағдай өзгереді деген үміт бар. Қатысып жатқан делегациялар мен ұстамды оппозиция өкілдері маңызды мәселелерді қозғап жатыр. Топтар екіжақты қарым-қатынаста сөйлесе алатынын көрсетті. Үш кепілдік беруші ел – Ресей, Иран және Түркия кездесті. Күн тәртібінде Сирия мемлекетінің аумақтық тұтастығы мәселесі кеңінен талқылануда. Бұл тұрғыда біраз дипломатиялық әрекеттер қолға алынып жатыр. Сондықтан ерте ме, кеш пе Сирияда бейбіт өмір басталатынына сенемін. Бүгінде елдің ахуалын жақсарту үшін қажет барлық дипломатиялық күш-жігер салынып жатыр.

Қазақстанның бейбітшілікті сақтау жөніндегі күш-жігер мен жаһандық бастамалар БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің жұмысында да көрініс табады. Онда Қазақстан тұрақты емес мүше ретінде қатысады. Сарапшылардың айтуынша, ең алдымен, барлық бітімгерлік миссияларын сәтті өткізу қабілеті мемлекеттің дұрыс сыртқы саясатын қамтамасыз етеді.