Қазақстанның БҰҰ ҚК жұмысының алдын ала қорытындылары шығарылды

Қазақстанның БҰҰ ҚК жұмысының алдын ала қорытындылары шығарылды

Мемлекет тарихындағы жарқын кезең. Қазақстанның БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесі жұмысының алдын ала қорытындылары шығарылды. Еліміздің Сыртқы істер министрі Қайрат Әбдірахманов атап өткендей, биылғы жыл өте жауапты, әрі маңызды болды.

ҚАЙРАТ ӘБДІРАХМАНОВ, ҚР СЫРТҚЫ ІСТЕР МИНИСТРІ:

 - 2017 жылдың қаңтарында БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің мүшелеріне арнаған саяси жолдауында Президент Нұрсұлтан Назарбаев біздің қызметіміздің негізгі басымдықтарын белгілеп берді. Сол басымдықтардың барлығын іс жүзінде қолданысқа алынғанын атап өткен жөн. Бұл жерде Қазақстанның Жаппай қарусыздандыру, ядролық қаруды таратпау саласында қабылдаған нақты шаралары туралы айтылып отыр. Сондай-ақ БҰҰ-ның Бас Ассамблеясы осымен екінші рет Елбасының ядролық қарудан ада бейбіт әлемге қол жеткізу туралы декларациясына қолдау білдірді.

Үстіміздегі жылдың 28-ші қыркүйегінде Қазақстан Президентінің тағы бір бастамасы – терроризмге қарсы күрес кодексі БҰҰ мүшелері тарапынан қолдау тапты.  

ҚАЙРАТ ӘБДІРАХМАНОВ, ҚР СЫРТҚЫ ІСТЕР МИНИСТРІ:

-  Бұл жерде, әрине, Елбасының беделін атап өту қажет. Ол құжат қарым-қатынастары қайшылықтарға толы Иран мен Сауд Арабиясы, Катар, Түркия, басқа да мемлекеттерді бір мақсатқа қол жету үшін күш-жігерлерін біріктіруге шақырды. Олардың барлығы Қазақстан Президентінің 2045 жылы БҰҰ-ның 100 жылдығында ядролы қарудан, терроризмнен ада бейбіт әлем құру туралы үндеуін бірауыздан қолдады.

Қауіпсіздік Кеңесінде еліміздің төрағалығымен тағы бір бастама жүзеге асырылды. Ол Африка континентінде тұрақтылық пен қауіпсіздікті орнатуға бағытталған.

ҚАЙРАТ ӘБДІРАХМАНОВ, ҚР СЫРТҚЫ ІСТЕР МИНИСТРІ:

 - Бұл жақында ғана Қазақстанның басшылығымен жүзеге асырылды. Біз БҰҰ-ның Қауіпсіздік Кеңесінде Сомали мен Эритреяға қатысты санкциялар жөніндегі комиссияға төрағалық етеміз. Қаншама жылдар ішінде алғаш рет Қауіпсіздік кеңестің мүшелері бір ауыздан Эритрея деген мемлекеттен санкцияларды алып тастау туралы шешімді қолдап отыр. Ол да Қазақстанның кеңестегі қызметінің бір көрсеткіші болады. Біздің саясатымыз осы мемлекетті келіссөз жүргізуге шақыру, Эфиопия елімен ымыраға келтіру болатын.

Бұдан бөлек, Қазақстан Сирия дағдарысын реттеуге де атсалысып жатыр. Атқарылған жұмыстардың нәтижесінде деэскалация аймақтары пайда болып, шиеленіс бәсеңдеді. Ал қазір қазақстандық бітімгерлер БҰҰ миссиясының құрамында Ливан жерінде қауіпсіздікті сақтауда күш салып жатыр.