Қазақстан мен Кувейт ынтымақтастығы

Қазақстан мен Кувейт ынтымақтастығы

Қазақстан мен Кувейт екіжақты ынтымақтастықты кеңейтуге мүдделі. Арабия түбегінде орналасқан мемлекет біздің елді Орталық Азиядағы маңызды серіктес ретінде қарастырады. Бүгінде екі арада визалық режимді жеңілдету бойынша келіссөздер жүргізілуде. Тараптар туризмді бірлесіп дамытуға ниетті. Мәселен, арабтардың шаңғы тебу, тауға серуендеу және аңға құс салу секілді демалыс түрлеріне қызығушылықтары жоғары. Ал қазақстандықтардың көбі Парсы шығанағы, Кувейттегі әйгілі мұнаралар, ірі сауда орталықтары мен мешіттерін көруді армандайды. 

ЮСЕФ МҰСТАФА АБДУЛЛА, КУВЕЙТТІҢ ТУРИЗМ СЕКТОРЫНЫҢ ӨКІЛІ:

Былтыр Кувейтке 7 миллион турист келген. Олардан түскен табыс 500 миллион кувейттік динарды құрады. Біз бұл көрсеткішті одан әрі асырмақ ойымыз бар. Ол үшін жаңа бағыттарды дамыту көзделген. 

Сондай-ақ Кувейт нарығындағы азық-түлік импортының үлесі де аса жоғары. Мәселен, олар дәмдеуіштерді Үндістаннан, ал ет өнімдерін Австралиядан алады. Сондықтан кувейттік нарық біздің елдің кәсіпкерлері үшін зор мүмкіндіктер ашары анық.

АЛМАС АБДРАМАНОВ, КУВЕЙТТЕГІ ҚАЗАҚСТАН ЕЛШІСІ:

– Кувейт біздің елдің азық-түлік өнімдеріне қызығушылық білдіруде. Әсіресе, олар қазақстандық етті ұнатады. Көпшілігін Қазақстаннан әкелінген еттің дәмдік сапасы мен табиғи тазалығы қызықтырады. Бұл өнімді елге бірнеше зауыт жеткізеді. Біз оларды Кувейттегі ритейл өкілдерімен байланыстырмақпыз. Қазіргі кезде келіссөздер жүргізіліп жатыр.      

Бүгінде  қос мемлекет өзара қызығушылық тудыратын бағыттар бойынша келіссөздер жүргізуге дайын. Олар экономикалық, саяси және мәдени салаларда қарым-қатынас орнатуға бағдарланған.