БҰҰ ҚК: Қазақстан көпжақты ынтымақтастықты қолдайды

БҰҰ ҚК: Қазақстан көпжақты ынтымақтастықты қолдайды

Қазақстан көпжақты ынтымақтастықты қолдайды. Бұл туындайтын қауіп-қатерлерге неғұрлым тиімді әрекет етуге мүмкіндік береді. Қазақстандық делегация көпжақты ынтымақтастық мәселесіне қатысты Біріккен Ұлттар Ұйымының Қауіпсіздік Кеңесінде нақты ұсыныстар жасады. Бұл айда Кеңеске Қытай тарапы бастамашы.  Жиынға қатысқандар халықаралық және жергілікті ұйымдар мен азаматтық қоғам өкілдері серіктестігінің маңыздылығын атады. Еліміз Біріккен Ұлттар Ұйымының Қауіпсіздік Кеңесіндегі жұмысы кезінде бейтараптық, әділдікті ту етті. Сонымен қатар ядролық, энергетикалық, азық-түлік қауіпсіздігіне басымдық берді. Шара барысында ядролық қаруға қарсы күрес мәселесі мен Қазақстан бастамасымен құрылған жаңа коалицияның қызметі талқыланды. Тағы бір айта кетерлік жайт, Қазақстан Кеңестегі  жұмыс уақыты кезінде Ливандағы бітімгерлік миссиясына айтарлықтай үлес қосты. Қазақстанның БҰҰ жанындағы тұрақты өкілінің орынбасары атап өткендей, еліміз Қауіпсіздік Кеңестегі жұмысы уақыты аралығында үнемі органның қызметіне оңтайлы жан-жақты көзқарас қалыптастыруға, сондай-ақ біздің сыртқы саясаттың негізгі ұстанымы болып келетін ашықтық, адалдық және серіктестікті қалыптастыруға ұмтылды.

ҚАНАТ ТҰМЫШ, ҚАЗАҚСТАННЫҢ БҰҰ ЖАНЫНДАҒЫ ТҰРАҚТЫ ӨКІЛІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ:

 - Бізге Халықаралық ынтымақтастықты реттейтін қағидаларды, атап айтқанда жаһандық басшылық, жалпы жауапкершілік және ұжымдық іс-әрекеттерді күшейту қажет. Соғыс, лаңкестік, індет, заңсыз көші-қон және климаттың өзгеруі сияқты мәселелер барлық халыққа ортақ. Аймақтардағы шиеленіс, халықаралық құқықтың сақталмауы осы түйткілдерді шешуге кедергі келтіріп отырғаны сөзсіз. Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев «Әлем. XXI ғасыр» атты манифесінде әлем көшбасшыларын экономикалық және әлеуметтік тәртіп орнатуда бірлесе жұмыс атқаруға шақырды. Сонымен қатар елбасы Біріккен Ұлттар Ұйымының 100 жылдығына орай қақтығыстар мен лаңкестікке тосқауыл қоюға шақырған болатын.