Нұрсұлтан Назарбаев: Азияда ұжымдық қауіпсіздік бойынша жеке ұйым құрылуы тиіс

Нұрсұлтан Назарбаев: Азияда ұжымдық қауіпсіздік бойынша жеке ұйым құрылуы тиіс

Бүгін ұжымдық қауіпсіздіктің құрлықтық ұйымын құру туралы қажеттік аса өзекті. Бұл туралы Елбасы Астана клубының төртінші отырысында мәлімдеді. Нұрсұлтан Назарбаев өз сөзінде әлемдік державалар арасындағы әскери текетірестердің өршу қаупін атап өтті. Сондай-ақ, Елбасы орта және қысқа қашықтыққа ұшатын зымырандарды жою туралы келісімдерге қатысты ахуалдың қиындап бара жатқанын мәлімдеді. 

НҰРСҰЛТАН НАЗАРБАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ

- Азияда ұжымдық қауіпсіздік бойынша жеке ұйым құрылуы тиіс деп ойлаймын. Бұл тек уақыт еншісіндегі мәселе. Азия құрлығының 30 елін біріктірген Азиядағы сенім шаралары жөніндегі кеңес - қазақстандық бастама. Ол келешекте Азиядағы ынтымақтастық бойынша ұйымды құруға негіз бола алады. Бұл ұйым мен ЕҚЫҰ бірлесіп барлық Еуразия субконтинентінде қауіпсіздік аймағын ұйымдастыра алады. Бұл қадамды жүзеге асыру жолында мен ЕҚЫҰ, АӨСШК, АСЕАН ұйымдарын қауіпсіздік мәселелері бойынша бірлескен кеңес отырысын өткізуді ұсынамын. Осы форумдардың хатшылықтары тараптардың ұстанымдарын білу үшін кездескендері жөн.

Бұған қоса, Нұрсұлтан Назарбаев жаһандық мәселелерді талқылау үшін Астанаға келген сарапшыларға алғысын білдірді. Естеріңізге сала кетейік, бұл форум дағдарыс кезінде Еуразияның алдында тұрған міндеттерді талқылауға арналған. Астана клубының отырысында әлемдік саясаткерлер, Нобель сыйлығының лауреаттары мен геосаясат тақырыбындағы дүниежүзілік бестселлерлердің авторлары бас қосты. Халықаралық пікірталас алаңына қатысушылар, сондай-ақ, жаһандық экономикадағы өзгерістер мен адамзат алдында тұрған жаңа міндеттерді талқылады. Сарапшылардың пікірінше, геосаясат мәселелері экономикалық интеграция мен жаһандану арқылы шешілуі мүмкін.