Елордада «Астана клубтың» 4-ші отырысы өтуде

Елордада «Астана клубтың» 4-ші отырысы өтуде

Елордада саяси форум форматындағы «Астана клуб» халықаралық пікірталас алаңының 4-ші отырысы өтуде. Биылғы жиынға дәстүрлі түрде әлемдік саясаткерлер, Нобель сыйлығының лауреаттары, геосаясат тақырыбында қалам қозғаған әлемдік бестселлерлердің авторлары жиналған. Конференцияны ашу барысында соңғы 100 жылда болған жаһандық өзгерістер тақырыбы талқыға салынды. Сонымен қатар спикерлер Еуразияны дамыту үшін күрделі түйіндерді шешу, аймақтағы ынтымақтастықты дамыту, әлемде қалыптасқан геосаяси және геоэкономикалық үрдістерге баға беру жайын да сөз етті. Өзекті тақырыптар ішінде  елдер арасындағы қарулы күштердің мықтылығы және киберқауіпсіздік те бар.

АРИЕЛЬ КОЭН, АТЛАНТИКАЛЫҚ КЕҢЕСТІҢ АҒА САРАПШЫСЫ:  

- Бізде бір ғана державаның күші өсіп келеді, ал басқалары өз мәртебесін сақтауға тырысуда. Бірақ бұл ешбір жағдайда соғысқа айналып кетпеуі тиіс. Өкінішке қарай, тарихқа сүйенсек, басшы өзгерген кезде мұндай қақтығыстар жиі болып тұрған. Сондықтан бүгінгі көшбасшылар өткеннен сабақ алу керек.

Айта кетейік, бүгін саясаткерлер, дипломаттар мен сарапшылар құрлықтағы қауіпсіздік және әмбебап идеология мәселелерін талқылайды. Кездесудің негізгі тақырыбы – үлкен Еуразия болашағын құру. Сарапшылардың ойынша, таңдау стратегиялық аймақта болып жатқан жаһандық үрдістерге негізделген.

ЕРЖАН САЛТЫБАЕВ, ӘЛЕМДІК САЯСАТ ЖӘНЕ ЭКОНОМИКА ИНСТИТУТЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ:

-  Қазақстан - географиялық жағынан құрлықтың қақ ортасында орналасқан мемлекет.  Біз Каспий жағалауындағы Орталық Азия аймағы елдері, Қытай, Ресей мемлекеттерімен тығыз байланыстамыз.  Сондықтан Ресей мен Батыстың, АҚШ пен Қытайдың арасындағы сауда соғысы немесе Таяу Шығыстағы террористік қауіп-қатер бізге де өз әсерін тигізбей қоймайды.