Қазақстан сарбаздары үндістандық батальонның құрамында миссияларын атқаруда

Қазақстан сарбаздары үндістандық батальонның құрамында миссияларын атқаруда

Жер-жаһандағы бейбітшілікті сақтау және қауіпсіздікті нығайту. Осы бағыттағы қазақстандық бастамалар баршаға аян. Біріккен Ұлттар Ұйымы Қауіпсіздік Кеңесінің құрамында да республика әлем қоғамдастығын бітімгерлікке шақырып, қауіп-қатерлерге бірлесе қарсы тұруға үндеді. Ал биыл тәуелсіз Қазақстан тарихында алғаш рет біздің сарбаздарымыз халықаралық бітімгерлік миссияға қатысуда. Ливанның Марджаюн аймағына жеткен 120 жауынгер жыл бойы арнайы дайындықтан өткен.

Сайыпқыран сарбаздар үндістандық батальонның құрамында миссияларын атқарады. Бұл туралы қос Үкіметтің тиісті келісімі бар. Жауынгерлеріміз осы миссияға дайындалғанда Нью-Делидегі арнайы орталықта да білім-дағдыларын жетілдіре түскен.

ДЖИВАН БАЛАРАМАН, ҮНДІСТАН БАТАЛЬОНЫНЫҢ КОМАНДИРІ:

- Қазақстандық контингентті Ливанда қарсы алуға қуаныштымыз. Бұл тарихи сәт. Өйткені қазақстандық сарбаздар БҰҰ-ның бітімгерлік миссиясын атқару үшін алғаш келіп отыр. Әрине, оларға бітімгерлік операциялардың ерекшеліктері туралы түсіндіріп, барынша қолдау көрсетуге дайынбыз.

Қазақстан әскерилерінің Таяу Шығыстағы осы миссияға қатысуына қатысты келіссөздер бірнеше жыл бойы жүргізілді. ЮНИФИЛ қатарын толықтырған 120 жауынгеріміз қатаң іріктеуден өткен.

АЯН НҰРҚАСОВ, ҚАЗАҚСТАН БІТІМГЕРЛІК ПОЛКІНІҢ КОМАНДИРІ:

- Бұл ротаға өзін тек жақсы жағынан танытқан, кем дегенде 3 жыл қызмет еткен жауынгерлер іріктелді. Олардың халықаралық оқу-жаттығуларға, БҰҰ жүйесіндегі шараларға қатысуын ескердік, тіл білімі де назарға алынды.

Ливандағы миссия жарты жылға жалғасады. Бұл – ең ұзақ бітімгерлік операциялардың бірі. Қазақстандық ротаның жайғасқан жері Марджаюн аймағының геосаяси һәм стратегиялық маңызы зор. Шамамен бұдан 7 шақырым жерде Израиль, 15 шақырым қашықтықта Сирия шекарасы орналасқан. БҰҰ мандаты бойынша әскерилер шекара сызығын патрульдеумен айналыспақ.

Айту керек, біздің сарбаздардың арасында бұрын бітімгердің жүгін арқалаған сақа жауынгерлер де бар.

АЙДЫН МОШАБАЕВ, ҚАЗАҚСТАНДЫҚ БІТІМГЕР:

-Бұл жаққа 2007 жылы Иракта болған тәжірибемді осы жақта пайдаланайын деп, жастарға өз тәжірибемді көрсетем деген мақсатпен келдім.

ДМИТРИЙ МОВСЕСОВ, ҚАЗАҚСТАНДЫҚ БІТІМГЕР:

- Әскери тәжірибем жоқ. Бірақ Чехияда, Америкада, Македонияда бітімгерлік оқу-жаттығуларға қатыстым. Жинақтаған тәжірибемді енді Ливанда пайдалануға мүмкіндік туындап отыр.