Петропавлда өңіраралық ынтымақтастық форумы өтіп жатыр

Петропавлда өңіраралық ынтымақтастық форумы өтіп жатыр

Петропавлда Қазақстан мен Ресейдің аймақаралық ынтымақтастығының 15-форумы басталды.

Дәстүрлі түрде өткізілетін шараның мақсаты – көршілес екі елдің, әсіресе шекара маңындағы өңірлердің өркендеуіне ерекше серпін беру. Биылғы басқосуда туризм тақырыбы талқылануда.  Форум жұмысы аясында «Қазақстан мен Ресей елдерінде туризмді дамытудағы жаңа тәсілдер мен тенденциялар» атты туристік көрме салтанатты түрде ашылды.

Көрмеге Қазақстанның – 18, ал Ресей Федерациясының 11 аймағы қатысуға ниет білдірген. Тіпті әр павильонда туристерді қызықтырып, тарту үшін арнайы фильмдер әзірленіп, қонақтарға түрлі тағамдар да ұсынылды. 

Биыл Қазақстан мен Ресейдің дипломатиялық қарым-қатынас орнатқанына – 26 жыл. Осы уақыт аралығында екі ел арасындағы достық нығайып, сан-салада әріптестік орнады. Мәселен, үстіміздегі жылдың 8 айының қорытындысы бойынша, тек Солтүстік Қазақстан облысы мен Ресей Федерациясы арасындағы тауар айналымы 222 млн АҚШ долларына жеткен. Ал келелі жиыннан кейін тағы да жаңа мүмкіндіктерге жол ашылатыны сөзсіз. Өйткені форум қорытындысы бойынша, 30-ға жуық үкіметаралық және өңіраралық құжатқа қол қойылатын болады. Ал бүгінге Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев пен Ресей Президенті Владимир Путиннің қатысуымен пленарлық отырыс өтеді деп жоспарланған. Бұдан бөлек панельдік сессиялар да жұмысын жалғастыра береді.