Қазақстан-Эстония ынтымақтастығы

Қазақстан-Эстония ынтымақтастығы

Эстония – Қазақстанның Солтүстік Еуропадағы маңызды серіктесі. Тараптар сауда-экономикалық және инвестициялық әріптестікті нығайта түсуге мүдделі. Негізінен көлік-транзиттік, экологиялық, IT технологиялар мен қуат үнемдеу салаларына басымдық берілмек. Бұл жөнінде елордада қос елдің іскерлік топтары мен кәсіпкерлері бас қосқан Қазақстан-Эстония бизнес форумында белгілі болды. Жиында эстониялық қонақтар Қазақстанның инвестициялық әлеуетімен жіті танысып, оларға елімізге қаржы құюға ниетті инвесторларға жасалатын жеңілдіктер жайында айтылды.

БАҚЫТЖАН САҒЫНТАЕВ, ҚР ПРЕМЬЕР-МИНИСТРІ:

-  Бізде «Цифрлық Қазақстан» атты арнайы мемлекеттік бағдарламасы қолға алынды. Құжат өткен жылдың соңында қабылданды. Эстонияның экожүйеге қатысты тырнақалды жобалары көпке танымал. Сол бастамаларды «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасы аясында жүзеге асырып, әріптестік орнатудың әлеуеті зор.

ЮРИ РАТАС, ЭСТОНИЯНЫҢ ПРЕМЬЕР-МИНИСТРІ:

- Біз Эстония мен Қазақстан арасындағы байланыстың түрлі бағыттарын қарастырып жатырмыз. Цифрландыру, ауыл шаруашылығы,  білім салалары бойынша келіссөздер жүргіздік. Сондай-ақ Эстония мен Қазақстан арасында «Бір белдеу, бір жол» бастамасын көтердік. Әрине біздің жақта елдердің өзара темір жол қатынасын дамыту үшін осы бастамаға қатысуға ынта танытып отыр. 

Бүгінде Эстония капиталының қатысуымен Қазақстан аумағының түрлі салаларында 70-ке тарта компания жұмыс істеп тұр.  Қазіргі таңда Қазақстан эстониялық порттарда терминалдар мен логистикалық орталықтар ашу үшін қызығушылық білдіруде. Бұл отандық өнімнің Еуропа нарығына шығуына жол ашады.

ТИМУР ЖАЙЫҚОВ, ҚР СІМ ИНВЕСТИЦИЯЛАР БОЙЫНША КОМИТЕТІ ТӨРАҒАСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

-  Қазақстан мен Эстония арасындағы тауар айналымы 32 миллион АҚШ долларын құрап отыр. Қазақстаннан негізінен мұнай мен мұнай өнімдері экспортталады. Сондай-ақ бізден мыс тасымалданады. Ал Эстониядан тамақ өнеркәсібі, машина жинау, фармацевтикалық өнімдер импортталады.

ТОМАС КЭСТИК, ЭСТОНИЯНЫҢ ИНВЕСТИЦИЯЛЫҚ АГЕНТТІГІНІҢ КЕҢЕСШІСІ:

-  Логистика мен цифрландыру бойынша жүзеге асырылмаған үлкен ресурстарымыз бар. Мемлекеттік басқару, білім беру, медицина мен көлік және өндірістік сынды түрлі салаларда сандық технологиялар бойынша әріптестік орнатудың әлеуеті зор.

Бизнес-форум қорытындысы бойынша, бірқатар екіжақты келісімдерге қол қойылды. Олардың қатарында баламалы қуат көздерін бірлесіп дамытуды көздейтін меморандум да бар.