Қазақстанның жаһандық бастамалары

Қазақстанның жаһандық бастамалары

Қазақстан – жаһандық дәрежедегі реформатор. Мемлекет халықаралық қауіпсіздікті нығайтуға, адамзаттың жалпы дамуына бағытталған бастамаларымен танымал. Жылдар бойы Қазақ елінің ұсыныстары әлем қоғамдастығы тарапынан жоғары бағаға ие болып келеді. Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас Ассамблеясында Республика бастамасымен әзірленген ядролық қарудан азат әлем құру туралы Жалпыға ортақ декларация жаппай қолдау тапқаны – осының тағы бір айғағы. Еске салсақ, аталған құжатты қабылдау туралы ұсынысты Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев 2015 жылы Бас Ассамблеяның 70-і мерейтойлық сессиясында жасаған болатын. Ол кезде сәйкес резолюция қабылданған. Араға 3 жыл салып, Қазақстан құжаттың жаңа нұсқасын таныстырды. Декларацияға ядролық қарусыздану процесін жалғастыру үшін қажет жаңа баптар енгізілді. Құжаттың жаппай қолдауға ие болуы Қазақстанның әлемдегі бейбітшілік пен қауіпсіздікті нығайтуға қосып отырған үлесі еленгенін білдіреді. Қазақстандық резолюцияға 135 мемлекет қолдап дауыс берген.