Doing Business рейтингінде Қазақстан 28-орында

Doing Business рейтингінде Қазақстан 28-орында

Қазақстан Дүниежүзілік банк нұсқасы бойынша алдыңғы қатарлы 30 елдің тізіміне енді. Doing Business рейтингінде еліміз 28-ші орынға тұрақтап отыр. Бұл әлемдік сарапшылардың Қазақстанда бизнесті жүргізуге жасалған жағдайды жоғары бағалағандығын білдіреді. Дүниежүзілік банк пен Халықаралық қаржы корпорациясының өкілдері кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыру бағытында жасалған реформалар тиісті нәтижесін берді деп отыр.

ФРЕНСИС АТО БРАУН, ҚР ДҮНИЕЖҮЗІЛІК БАНК ТҰРАҚТЫ ӨКІЛІ:

 - Doing Bussiness рейтингі Алматыдағы бизнес орта көрсеткіштері негізінде жасалды. Қазіргі уақытта Дүниежүзілік банк Қазақстан үкіметімен бірге ұлттық Doing Bussiness рейтингін құруды жоспарлап отыр. Оны әзірлеу барысында елдің 16 өңірінің бизнес ортасын ескеретін боламыз.

Зерттеу бойынша, бұл көрсеткіште Қазақстан Испания, Ресей, Франция, Польша, Португалия, Беларусь, Жапония және Түркия елдерінен озып түскен. Жыл сайынғы зерттеу авторлары  10 негізгі индикатор бойынша 190 елдегі бизнес ахуалды саралаған. Қазақстан олардың біразы бойынша көрсеткіштерін жақсартқан. Ал екеуінен тіпті әлемдік көшбасшы атанды. Олар: миноритарлық инвесторларды қорғау мен келісім-шарттарды қамтамасыз ету.

КАМИЛА КОВЯЗИНА, ҚР ТҰҢҒЫШ ПРЕЗИДЕНТ ҚОРЫ ӘЛЕМДІК ЭКОНОМИКА ЖӘНЕ САЯСАТ ИНСТИТУТЫНЫҢ САРАПШЫСЫ:

 - Қазақстанға 28-ші орынды бере салды деп айта алмаймыз. Қазақстан оған нақты шараларды жүзеге асырудың арқасында қол жеткізді. Ең ауқымды жұмыс ретінде салық салуды атап өтуге болады. Тіркелуге жұмсалатын шығындарды азайту мен уақыт үнемделді. Екіншісі халықаралық саудаға қатысты. «Астана-1С» кедендік құжаттар мен  электрондық тауар айналымы жүйесі енгізілді. Және үшіншіден, келісім-шарттардың орындалуы тиісті деңгейде қамтамасыз етілуде.

Биыл Doing Business-те Жаңа Зеландия көш бастап тұр. Алғашқы ондыққа Сингапур, Дания, Оңтүстік Корея, Гонконг, Грузия, Норвегия, АҚШ, Ұлыбритания мен Македония елдері енген.