Қазақстан-Бразилия ынтымақтастығы

Қазақстан-Бразилия ынтымақтастығы

Бразилия – Қазақстанның Латын Америкасындағы, ал Қазақстан – Бразилия үшін Орталық Азиядағы ең ірі әрі тұрақты саяси және өзекті экономикалық серіктесі болып табылады. Биыл екі елдің дипломатиялық қарым-қатынасына 25 жыл толды. Ынтымақтастық аясы кеңейіп келеді. Бір-бірінен шалғайда жатқан елдер алдымен әуе көліктерінің өндірісі саласындағы қатынасты жетілдіруге ниетті. Қазақстанда Бразилияда жасалған 9 ұшақ бар. Келер жылы тағы бесеуі сатып алынбақ. Ел аумағында оларға қызмет көрсететін арнайы сервистік орталық салу көзделген. Қос мемлекет ауыл шаруашылығы, тау-кен өндірісі, баламалы энергетикада күш біріктірмек. Ынта-ниеттері тағы бір салада тоғысты. Бразилия Қазақстанның ядролық қарудан әлемді азат ету бастамасын қолдайды. Атом энергиясын тек бейбіт мақсатта пайдалану керек. Тараптар қазіргі таңда осы тұрғыда жаңа жоба құру үшін келіссөздер жүргізіп жатыр.

ҚАЙРАТ САРЖАНОВ, ҚАЗАҚСТАННЫҢ БРАЗИЛИЯДАҒЫ ЕЛШІСІ:

 - Құжат атом энергиясын қолдану, дамыту және пайдалануда жаңа мүмкіндіктерге жол ашады. Айта кету керек, Бразилия әлемдегі ядролық технологияларды меңгерген он елдің ішіне кіреді. Биыл экспорттық тауарлардың тізіміне табиғи уранның концентраты қосылды. Бұл осы жылдың сәуірінде Ұлттық атом компаниясы Бразилиядағы елшіліктің әрекеттесуімен Бразилия компаниясына табиғи уранның концентратын жеткізу үшін 13,7 млн доллар болатын тендерді жеңіп алғаннан кейін жүзеге аса бастады. 

Биыл екіжақты алыс-берістің, әсіресе өзімізден шығарылатын таурлардың көлемі мен аталымы өскен. Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, Қазақстан мен Бразилия арасында 2018 жылдың қаңтар-тамыз аралығында тауар айналымы 82,3 млн долларды құрады. Бразилиядан қант, ұшақ, көлік құралдары мен бөлшектері, құрылыс материалдары, апельсин шырыны импортталады. Ал бізден күкірт, ферроқорытпа, пластмассадан, резинадан және қара металдан жасалған заттар тасымалданады.