Қазақстан – бітімгер мемлекет

Қазақстан – бітімгер мемлекет

Қазақстан – тілі мен діні, мәдениеті мен дәстүрі басқа түрлі халықтардың бірлігін жарастырған мемлекет. Бүгінде елімізде 140-тан астам ұлыс пен 18 конфессия өкілдері бір шаңырақ астында ортақ мүдде-мақсатқа ұйып отыр. Ұлтаралық келісімнің алтын діңгегіне айналған Қазақстанның достыққа үндейтін бірегей саясаты өзгеге жол сілтер жарқын үлгіге айналуы тиіс. Әлем қауымдастығы, халықаралық сарапшылар мен белді саясаткерлер мен түрлі дін өкілдерінің жалпы пікірі бұл.

ЮРИЙ НОВГОРОДОВ, ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ ЕВАНГЕЛИЕ-ЛЮТЕРАН ШІРКЕУІНІҢ ЕПИСКОПЫ:

-  Қазақстан – Қытай, АҚШ, Ресей, Үндістан сынды жаһандық  саясатты құрушы әлемдік ірі державаларға да үлгі болуға тұрарлық мемлекет. Ұлтаралық келісім орнаған елде тұрып жатқан түрлі ұлт өкілдері өздерінің мәдениетін, салтын, діни көзқарастарын жоғалтып алған жоқ. Тәуелсіздік алған күннен бастап Қазақстан төл халықтың ғана емес барлық ұлттардың арман-тілектерін ескеріп, іс жүзінде әрбірінің мұң-мұқтажын жоқтап қажетін қанағаттандыру жолын таңдады. Әр халықтың мәдениеті мен дәстүрі сақталып қана қоймай оларды дамытып жетілдіруге ден қойылып келеді. Ең бастысы бейбітшіл қоғам бірлігі бірлесіп қалануда.

Тәуелсіздік алғалы бері республика сенімді әріптес әрі бітімгер мемлекет ретінде танылып келеді. Қазақстанның  бұл орайдағы игі істерін жер-жаһан қолдап, үлкен сеніммен қарайды. ТМД елдері бойынша әулие Эгидея қауымының үйлестірушісі Александро Салаконенің пікірінше, Қазақстан ірі халықаралық бітімгершілік миссияларында белсенділігімен танылған ел. Әсіресе, Сириядағы шиеленісті жағдайды реттеуге қосқан үлесі мол, дейді.  

АЛЕССАНДРО САЛАКОНЕ , ТМД ЕЛДЕРІ БОЙЫНША ӘУЛИЕ ЭГИДИЯ ҚАУЫМЫНЫҢ ҮЙЛЕСТІРУШІСІ:

 - Соңғы жылдары Қазақстанның бітімгершілік бастамалары, жаһандық мәселелерді шешуде әлемдік диалог алаңына айналғандығы жөнінде көп айтылады. Қазақстан Сириядағы жағдайды бейбіт жолмен шешуге шақырды. 2003 жылдан бері тұрақты өтіп келетін әлемдік дін басылар Съездері жайында жақсы білеміз. Жылдан-жылға бас қосудың географиясы кеңейіп, ондағы шешімдер көкжиегі де ұлғайып келеді.