Халықаралық сарапшылар: Қазақстан жаһандық мәселелерді шешуге қомақты үлесін қосуда

Қазақстан жаһандық және өзекті мәселелерді шешуге қомақты үлесін қосуда. Мұны әлемдік сарапшылар ғана емес, сонымен қатар Біріккен Ұлттар Ұйымындағы түрлі мемлекеттердің тұрақты өкілдері де растап отыр. Еліміз постулаттарды мәлімдеп қана қоймай, сондай-ақ бүкіл ғаламда бейбітшілікті және қауіпсіздікті қамтамасыз етуде нақты шешімдер ұсынуда. Қазақстан Біріккен Ұлттар Ұйымы Қауіпсіздік Кеңесінің назарын Орталық Азия аймағы мен Ауғанстан еліне аударта білді. Ел Президенті Нұрсұлтан Назарбаев та Қазақстанның Біріккен Ұлттар Ұйымы Қауіпсіздік Кеңесіндегі жұмысы басталмай тұрып, Орталық Азия аймағының мүдделерін алға жылжытудың маңыздылығын атап өткен болатын. Бұл мәселе Ауғанстан мен Орталық Азияның аймақтық серіктестігін құруға арналған министрлік пікірталаста да негізгі тақырыпқа айналды.  

МАХМАДАМИН МАХМАДАМИНОВ, ТӘЖІКСТАННЫҢ БҰҰ-ДАҒЫ ТҰРАҚТЫ ӨКІЛІ:

 - Орталық Азия қазіргі таңда аймақтық және ғаламдық қауіпсіздікке байланысты барлық мәселе бойынша ынтымақтасып әрекет етіп келеді. Сондықтан Қазақстанның Қауіпсіздік Кеңесінің мүшесі ретінде жұмыс істеуі – өте жауапты сәт. Сіздің мемлекет бір ғана елдің емес, бүкіл Орталық Азия елдерінің мүддесін қорғап отыр. Осы ретті Қазақстан үкіметі мен Біріккен Ұлттар Ұйымындағы тұрақты өкілдігіне жаһандық мәселелерді шешуде, су, климаттың өзгеруі, лаңкестік пен есірткіге қарсы күрес және өзге де мәселелерде қолдау көрсеткені үшін алғысымды білдіремін. Сонымен қатар Қазақстан халқына, сізге, осындай жауапты жолда тек жақсылықтар мен сәттілік тілегім келеді.