Каспийдің құқықтық мәртебесі: Жаңа инвестициялар

Каспийдің құқықтық мәртебесі туралы келісім аймаққа жаңа инвестициялар тартуға септігін тигізеді. Будапешт экономикалық университетінің профессоры Паль Гайнэ осындай пікірде. Еске салсақ, Каспий теңізінің құқықтық статусы туралы Конвенцияға жағалаудағы мемлекеттердің басшылары Қазақстанда өткен саммитте қол қойған болатын. Венгр сарапшысының айтуынша, ресми келісімді қабылдау арқылы Каспий маңы елдері жаңа ірі жобалардың жүзеге асырылуына жол ашып берді. Солардың бірі – Түрікменстан мен Әзербайжанды байланыстыратын Транскаспий газқұбыры, дейді Паль Гайнэ. Сарапшы аталған жоба қатысушылардың экономикалық дамуына оң әсер ететіндіктен, оның маңызы зор деген сенімде.     

ПАЛЬ ГАЙНЭ, БУДАПЕШТ ЭКОНОМИКАЛЫҚ УНИВЕРСИТЕТІНІҢ ПРОФЕССОРЫ:

 - Каспий мәртебесінің айқындалуы инвесторлар үшін оң фактор екені даусыз. Каспий өңірі игерілмеген табиғи газ бен мұнай қорымен тартымды. Бүгінгі күні отын бағасына түрлі халықаралық жағдайлар әсер етіп отыр. Ал теңіздің құқықтық мәртебесін айқындай түскен келісімнің қабылдануы ілгерілеушілік дер едім.