Италияның Верона қаласында XI Еуразиялық экономикалық форум өтті

Еуразиялық экономикалық одақ пен Еуроодақтың экономикалық ынтымақтастығын тереңдету. Италияның Верона қаласында өткен XI Еуразиялық экономикалық форумда талқыланған басты тақырып осы болды. Басқосуда 40 елден ірі компаниялар басшылары мен саясаткерлер жиналды. Күн тәртібіндегі басты мәселелер – Еуразия аумағында бизнестің дамуына қолайлы жағдай жасау, энергетикалық қауіпсіздік пен цифрлық экономиканы дамыту. Қазақстан тарапы бұл форумға үнемі қатысып келеді. Ал биыл делегация құрамы ұлғайған. Еуропалық бизнесмендер Қазақстан тарапымен бірлесе жұмыс істеп, жаңа жобаларға қаржы құюға әзір. Себебі олардың айтуынша, еліміздегі инвестициялық климат жылдан-жылға жақсарып келеді.

ПАОЛО ГИРЕЛЛИ, ИТАЛИЯ-ҚАЗАҚСТАН САУДА ПАЛАТАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

 - Қазақстанмен экономикалық ынтымақтастығымыз әзірше негізінен мұнай-газ саласында дамып келеді. Бұл салада жұмыс істеп жүрген италиялық компаниялар көп. Елдеріміз арасында тиімді серіктестік орнағанын атап кету керек. Қазақстан Үкіметі елде қолайлы бизнес-климат құрған.

Айта кетейік, биыл Верона форумы «Атлантикадан Тынық мұхитқа дейінгі сенім экономикасы мен бизнес дипломатиясы» деген тақырыппен өтті. Сондай-ақ басқосу барысында «Астана» халықаралық қаржы орталығының мүмкіндіктері де таныстырылды.