Қазақстанның БҰҰ ҚК құрамындағы қызметі

Қазақстан әлемдегі бейбітшілік пен қауіпсіздікті нығайту жолында белсенді іс-қимылымен танылып отыр. Республиканың осы бағыттағы әрекеттері БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің отырысында жоғары бағаға ие болды. Күн тәртібінде қаралған басты тақырыптардың бірі – БҰҰ қамқорлығымен сириялық конституциялық комитетін құру мәселесі болды. Алдағы қарашада Астана процесінің кепіл мемлекеттері мен Араб Республикасы үкіметінің өкілдері, сондай-ақ оппозиция мүшелері бас қосып, шиеленістерді бейбіт жолмен шешудің жолдарын талқыға салмақ.

ҚАЙРАТ ОМАРОВ, ҚР БҰҰ ЖАНЫНДАҒЫ ТҰРАҚТЫ ӨКІЛІ:

 - Біз халықаралық қоғамдастықтың осы мәселені бейбіт келіссөздер жолымен шешудегі барлық күш-жігерін толық құптаймыз. Женева процесін де қолдаймыз. Бүгінгі күні Астана алаңы Сириядағы қақтығысты реттеуге арналған ең белсенді және өміршең платформа ретінде жұмысын жалғастырып келеді. Сондықтан БҰҰ сириялық мәселені шешуге бағытталған барлық елдердің, әсіресе біздің өңіріміздің күш-жігерін жоғары бағалап отыр. 

Кездесуде қазақстандық делегация қызығушылық танытқан барлық тараптарды Идлибтегі деэскалация аймағында жағдайды тұрақтандыру туралы Меморандумды жүзеге асыруда ынтымақтастық орнатуға шақырды. Сондай-ақ басқосуда Сириядағы ахуалды реттеу жолында Женева және Астана процестерінің маңыздылығы айрықша атап көрсетілді.