Қазақстан Президенті ресми сапармен Бельгияға барды

Қазақстан Президенті ресми сапармен Бельгияға барды

Қазақстан Президенті ресми сапармен Бельгияға барды. Нұрсұлтан Назарбаев Король Филиппен кездесіп, екіжақты ынтымақтастықты талқылады. Сапар барысында мемлекет басшысы еуропалық бизнес өкілдерімен кездесіп, оларға біздің елдің инвестициялық тартымдылығын таныстырды. Елбасы Қазақстан үшін сауда-экономика саласында Еуропа елдері жақсы серіктестік құра алады деп атап айтты. Тәуелсіздік жылдарында Еуропа елдерінен Қазақстан нарығына 180 млрд доллар тікелей инвестиция тартылған. Оның ішінде Қазақстан экономикасына Бельгия мемлекеті 4 млрд доллардан астам қаржы құйды. Екі ел арасындағы тауар айналымы да айтарлықтай ұлғайып келеді. Өткен жылы бұл көрсеткіш 33 млрд доллардан асса, биылғы жылдың алғашқы жартыжылдығында 24 млрд долларға жетті. Қазақстанда еуропалық капиталдың қатысуымен 3 мыңға тарта кәсіпорын жұмыс жасайды.

НҰРСҰЛТАН НАЗАРБАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

- Қазақстан – бұл жаңа мүмкіндіктер мен өзара тиімді бизнес әріптестіктік жүргізу үшін сенімді серіктес. Біріншіден, біздің алдымызда әлемнің дамыған 30 мемлекетінің қатарына кіру мақсаты тұр. Сондықтан біздегі бағдарламалардың барлығы, атап айтқанда Қазақстанда индустрияландыру, инфрақұрылымдық, аграрлық, әлеуметтік бағдарламалар осы мақсатқа жетуді көздейді. Біздің елде тұрақты негізде инвестициялық климатты жақсарту, инвесторлардың құқықтарын қорғау бойынша жұмыс жүргізілуде. Қазақстан экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы Инвестициялық комитетінің қауымдастырылған мүшесі болды. Халықаралық инвестициялық декларацияға қосылды. Қазақстан Президентінің жанында шетелдік инвесторлардың кеңесі жұмыс істейді, олар жыл сайын бас қосады. Бүгінде Қазақстан Дүниежүзілік банктің Doing Business рейтингісінде 190 ел арасында 36-шы орын алады.  

Нұрсұлтан Назарбаев бельгиялық кәсіпкерлерді Қазақстан үшін әлеуеті мол ауыл шаруашылық саласындағы жобаларды іске асыруға шақырды. Сонымен қатар елбасы жаһандық сауда және инвестицияларды дамыту бойынша компаниялардың өкілдерімен кездесті. Тараптар «Астана» халықаралық қаржы орталығымен ынтымақтастықты, Қазақстанға шетелдік корпорациялар және қаржы институттарын тарту жолдарын талқылады.